2 Қырықоба қорымындағы барлау және далалық зерттеу жұмыстары

2.1 Барлау жұмыстарының нәтижелері

Шығыс Қазақстан облысы, Аягөз ауданы, Ақшатау селолық округіне қарасты Қырықүңгір кешенді ескерткіштері Л.Н. Гумилев атындағы Евразия ұлттық университетінің археолог ғалымдарының барлау жұмыстары нәтижесінде 2012 жылы табылған болатын. Көне ескерткіштің табылмастан бұрын жергілікті тұрғындардан Ақшатау селосы мен Айғыз селосының жайлауында орналасқан бұл ескерткіштерді белгісіз біреулер техниканың көмегімен қазғандығы туралы ақпарат жеткен болатын. Сол 2012 жылы жазғы маусымда барып түсірілген фотосуреттерге қарағанда қорымда екі үлкен ескерткіш тоеалғандығы анықталды. Кейіннен жалпы жобасы мен топографиялық түсірілімдері және фотосуреттері түсірілген бұл қорымның осы өлкедегі ең ірі кешенді ескерткіш екені анықталды. Көлемі 500 шақырым радиуста дәл осындай көлемдегі кешенді құрылыстардың яғни элитарлы сақ патша обаларының жоқ екені анықталды. Яғни біздің қазба жұмысын жүргізген Қырықоба кешенді ескерткішінен шығысқа қарай тура есептегенде Шілікті ескерткіші 550 шақырымда, Елекесазы 450 шақырымда орналасқан. Ал батысына қарай яғни Орталық Қазақстан территориясындағы Талды ІІ сақ патша обасы да турасынан есептеген 550 шақырым қашықтықта жатыр. Қырықоба ескерткіші Шыңғыстау жотасындағы ең ірі сақ патша обасы деп айтумен қатар бұл ескерткіш уақыты жағынан да ерте кезеңге жатқызамыз, яғни біздің дәуірімізге дейінгі 8-7 ғасырлар. Қырықоба ескерткіші салыну құрылысының ерекшелігі және сыртқы көлемі жағынан Қазақстандағы белгілі ескерткіштерден өзіндік мәнге ие.

Өзіндік мәнге ие деуге тағы бір себеп бұл ескерткіште көне қоғамның тек әлеуметтік дәрежесі жоғары өкілдері жерленген екені байқалады. Яғни кіші көлемдегі ескерткіштер жоқ. Сонымен қатар бұл көне пантеон орналасқан жер дәстүр сабақтастығын жоймастан өзіне дейінгі соңғы қола дәуірі ескерткіштерімен қатар кейінгі ғұн-сармат және түркі дәуірлерінде де жерлеу кешені екенін біздің барлауларымыз көрсетіп отыр. Қырықоба кешенді қорымында жалпы жиыны әр дәуірлердің 10 нан артық қорымы орналасқан. Соның үшеуі ерте сақ дәуірінің ескерткіштері. Біздің барлау нәтижемізде Қырықоба кешенінде Осы ескерткішпен жапсарлас 15 шақырым солтүстік батысқа қарай «Бес қорым» кешенді ескерткіші анықталды. Бесқорым кешенді ескерткішінде негізінен биіктігі үш метрден асатын бес ірі оба орналасқан. Олардың ең үлкендері 4,5 метр биіктікті құрайды. Жоғарыда айтып кеткендей Қырықоба кешенді ескерткішіне көлемі мен биіктігі жағынан жетпегенімен оған жетеғабыл орташа көлемдегі обалар тобы көптеп кездеседі. Олардың дені Шыңғыстау жотасының оңтүстік батыс беткейлеріне кеңінен орналасқан. Әрі ірі өзендер саналатын Бақанас, Дағанделі, Көксала өзендерінің салаларымен бірге тау алды жазықты қыраттарға орналасқан.

Тіркеуге алынған Қырықоба қорымының барлық обалары мен ғұрыптық ескерткіштерінің жоспары мен сызбалары төмендегі қосымшада көрсетілген.

Шығыс Қазақстанның Шыңғыстау өлкесінде барлау жұмыстары әлі де жалғасын табуда. Алдағы маусымдағы қазба жұмыстары мен барлау жұмыстарының нәтижелері біздің бұл ақпараттарымызды әлі де толықтыра түседі деп ойлаймыз.

2.2 Жерлеу ескерткіштері

Қырықоба қорымы – Шығыс Қазақстан облысы, Аягөз ауданы, Ақшатау елді-мекенінен солтүстік-батысқа қарай 40 шақырым жерде орналасқан (1,2-суреттер). Қорым суы мол, шөбі шүйгін кең жазықты алып жатыр. Қорымның жалпы аумағы 15 пен 20 км2 қамтиды. Қырықоба қорымын жан-жағынан аласа таулар қоршап жатыр. Бұл өлке жер астынан шығып жатқан бұлақтарға өте бай болып келеді. Бұлақтар қорымның солтүстік-шығыс жағында орналасқан таудың етегінен бастау алады. Бұлақтар бір-біріне қосылу салдарынан кішігірім бір өзенге айналған. Осы бұлақтардың жан-жағында талдар мен өсімдіктердің түр-түрі бар. Талдардың көп бөлігін ақ қайың мен терек құрайды. Қорымда – қола, ерте темір және түркі дәуірлеріне тән ескерткіштер орналасқан. Қола дәуірінің қоршаулары өзеннің маңайында кездеседі. Негізінен бұл қорымда ерте, орта және кейінгі қола дәуірлеріне тән ескерткіштердің барлығы дерлік кездеседі.

1-сурет. Қырықоба қорымының спутниктен көрінісі 2-сурет. Қырықоба және Шілікті қорымдарының спутниктен түсірілген көрінісі.

Ерте темір дәуірінің (сақ) элитарлы ескерткіштері қорымның жазық жерінде орналасқан. Жалпы Қырықоба қорымында ерте темір дәуірінің қорғандары оңтүстіктен солтүстікке қарай бір тізбек бойында орналасқан 6 сақ дәуіріне жататын қорған және 200 метр оңтүстік-шығысқа қарай параллельді тізбек бойында 2 жоғарыда көрсетілген дәуірге жататын қорғандар мен оңтүстік-шығыс бағытта 300 метр қашықтықта орналасқан екі кіші қорғандардан тұрады. Солардың ішінде бесеуі элитарлы(сақ) патша қорғандары болса, қалған бесеуі кішігірім қорғандар қатарына жатады. Сонымен бірге ерте темір дәуіріне тән ескерткіштер қатарына – 2 Сегізтас ғұрыптық орны мен патша қорғандарының жанында орналасқан ғұрыптық орындар кіреді (3-7-суреттер).

3-сурет. Сақ патша қорғандарының спутник арқылы түсірілген бейнесі. Қырықоба қорымы. 4-сурет. Қырықоба қорымы. Элитарлы сақ патша қорғандары. Квадрокоптермен түсірілген. 5-сурет. Қырықоба қорымы. Элитарлы сақ патша қорғандары. квадрокоптермен түсірілген көрінісі.

Түркі дәуіріне тән ескерткіштер кең жазықты төбеде орналасқан. Бұл жерде түркі дәуіріне жататын ғұрыптық орындар, тас мүсіндер мен қорғандардан тұратын жалпы саны 10 ескерткіш бар. Олардың ішінде төртеуі қорған болса, алтауы ғұрыптық орындар қатарына жатады.

2018 жылдың жазғы маусымында «Шығыс Қазақстанның элитарлы сақ қорғандары» жобасы аясында ғылыми қызметкерлер мен лаборант қазушылардан топ жасақталды. Қазба жұмыстары ерте темір дәуірінің (сақ) элитарлы ескерткіштеріне жүргізілді.

№8 қорған.

№8 қорған Қырықоба қорымының екінші тізбегіндегі ең ірі оба. Бұл ескерткіш түркі дәуіріне тән ғұрыптық орыннан 800 м оңтүстік-батысқа қарай орналасқан. Қазба нысаны ретінде шығыс тізбекте орналасқан №8 қорған таңдап алынды (8,9-суреттер). Қорғанның диаметрі - 48 метр, биіктігі – 4,5 метрді құрайды. Қорғаннан 4 метр қашықтықта қорғанның тас тізбегі орналасқан (10-сурет). Тас тізбекпен қоса қорғанның жалпы диаметрі – 56 метрді құрайды. Көне ескерткіштің қазбаға дейінгі көрінісі дөңгелек пішінді төбесі жайдақ. Тонау белгісі анық көрінбесе де ортасын ертеректе қазылғаны байқалады. Қорғанның шығыс жағы ұзынынан сәл ойыс болып жатыр, соған қарағанда ескерткіште дромостың сілемі байқалады. Қорған үстінде аса ірі тастар немесе ерекше белгілер байқалмайды. Ескерткіштің ең үстінде оңтүстік батыс жағына қарай көлемдері 20х30х50 см болатын оншақты тас үйіліп жатыр. Қорған үстінде айрықша өскен тобылғы немесе басқа да шөптер байқалмайды. Жалпы қорғанның үстіңгі қабаты алғаш құрылыс салынған кезде таспен жабылғанға ұқсайды. Ал қазіргі көрінісі тас және топырақ қабаттарынан араласып кеткен.

№8 қорғанда археологиялық қазба жұмыстарын обаның негізгі үйіндісінен 6 метр қашықтықта қоршап жатқан тас шеңбердің шым қабатын алу жұмыстарынан басталды. Тас шеңбер таудың жақпар тастарынан бір біріне қиғаштап жабу әдісі арқылы қаланған. Шеңбердің сырт жағының тастары ішке қарай құлатып қаласа, іш жағының тастары сыртқа қарай құлатып қаланған. Бұлай бастаудың мақсаты – қорғанды қоршап жатқан тас тізбектің құрылысын анықтау болды. Тас тізбекті шеңбердің ені 1,8 – 2,3 метрді; биіктігі қазіргі жер бедерінен 10 – 13 см құрайды. Тас шеңбер №8 қорғанның толық сыртын қоршап жатыр, тек оңтүстік – шығыс жақ шетінде шеңбердің үзілген жері бар. Оның шығыс жақ бетке арнайы есік ретінде қойылғанын айта кету керек. Осы ашық жердің, немесе ғұрыптық есіктің аралығы 6 метр. (11,12-суреттер).

11-сурет. №8 қорғанның тас тізбегінің аршылған көрінісі 12-сурет. №8 қорғанның тас тізбегінің аршылған көрінісі

№8 қорғанның тас тізбегінің (қоршау) көлемін анықтау барысында қоршаудың сыртқы бөлігінде көп жағдайда тас тізбекке жанасып жатқан тастан үйілген ғұрыптық орындар анықталды. №8 обаның тас тізбекті шеңберімен астасып жалпы жиыны он екі ғұрыптық құрылыс орналасқан. Олардың барлығының диаметрлері біркелкі. Қорымның солтүстік батыс шетінде орналасқан таудың жақпар қызыл тастарынан үйілген. Тастарының көлемі де біркелкі 30х40х60 см көлемінде. Бұл ғұрыптық құрылыстардың диаметрі 6-8 метр мөлшерінде. Биылғы қазба маусымында қорған шеңберінің айналасында орналасқан ғұрыптық ескерткіштердің біреуіне қазба жұмыстары жүргізілді. Қазба жұмысы жүргізілген ғұрыптық ескерткіш №8 обаның солтүстік – батыс жақ бөлігіне орналасқан. Ғұрыптық қоршау тік төртбұрышты қазба салу әдісімен жүргізілді. Қазба барысында тастар шымнан тазартылып фотосуретке және сызбасы сызылды. Толық аршылған тас құрылыстың айналасында күйген тастар мен оттың қалдықтары бар екені анықталды. Тас ғұрыптық құрылыстың тастары бір қабат болып жерге жатқызылып қойылған. Тастардың алып тастаудан кейін ғұрыптық құрылыстың орны толық тегістеліп 4х4 метр көлемде қазба салынды. Қазбаның тереңдігі 30 см ге дейін жеткізілді, сонымен бірге ары қарай жердің материк екені анықталды. Ғұрыптық ескерткіштен басқа ешқандай қазба мәліметтері табылған жоқ. Алайда тастың үйілуі мен от орындарына қарап бұл жерлерге адам қайтыс болғаннан кейін ғұрыптық мақсатта от жағып салттық жоралғылар жасалған деген тұжырым жасаймыз. Осы уақытқа дейін қорғанды айнала қоршаған тас тізбектің және оның сыртында орналасқан ғұрыптық орындардың құрылысын анықтау мақсатында жүргізілген қазба жұмыстары аяқталды. Тас тізбек толығымен аршылып алынды. Жұмыс барысында, тас тізбектің белгілі бір реттік құрылымды сақтай отырып жасалғандығы және құрылыс бой көтерген уақыттағы жер бедерінен биіктігі, тізбекті құрайтын тастардың өлшемдері анықталды. Тас тізбектің әр жерінде жалпақ тастардан төртбұрышты орындар айқындалды (13,14-суреттер).

13-сурет. №8 қорған. Тас тізбектің жақыннан түсірілген бейнесі 14-сурет. №8 қорған. Тас тізбектің жақыннан түсірілген бейнесі

№8 қорғанның тас тізбегімен бір ғұрыптық орынға жүргізілген қазба жұмыстары аяқталғаннан кейін (15-сурет), қорғанның өзін қазу жұмыстары басталды. Қорғанға қазба жұмыстарын жүргізу техниканың көмегімен жасалды. Қазба жұмыстарының өнімділігін артыру мақсатында Аягөз қаласынан арнайы, нөмері - ABD667F ауыр техника шақыртылды (16-сурет). Жалпы қазба әдісі техниканың көмегімен жүргізілген жағдайда траншея әдісімен жасалады. Бұл техниканың көмегімен жүргізілген қазба №8 қорғанның С-Ш жағынан бастап жасалды. (17-сурет). Қазба тілігі жасалған траншеяның С-Ш жағынан ені 6 м, ұзындығы 15 м жерді аршып алды. Және қорғанның ішінен Ш-Б бағытындағы дәліз(дромос) анықталғаннан кейін, қазба қорғанның шығыс жағын ұзындығы 6 м, ені 3м жер аршылды. Қорған толығымен аршылып алынған соң дромостың көлемі анық болды. Дәліз Ш-Б бағытында ұзына бойлай қорғанның ортасына дейін созылып жатыр. Дәліздің ұзындығы 12 метр, ені 1 метр, тереңдігі 70 см құрайды. Жер асты дромосының іші толығымен таудың жақпар тастарымен толтырылған. Қазба барысында дромостың үстін жапқан ағаштың шірінді түріндегі қалдықтары кездесіп отыр. Ағаш қалдықтары өте нашар сақталғаны соншалық құм болып кеткен. Соған қарағанда ағаштар жергілікті жерде өсетін қайыңмен дромостың бетін жапқан болуы керек. Өйткені көне құрылыстың солтүстік-шығысында орналасқан бұлақтардың жағалауларында өсетін қайың ағаштарынан басқа ағаштар бұл өлкеде кездеспейді.(18,19-суреттер).

18-сурет. №8 қорған. Дромостың квадрокоптермен түсірілген көрінісі 19-сурет. №8 қорған. Дромостың батыстан түсірілген суреті

Қазу барысында қорғанға тонаушылардың кіргендігі мәлім болды. Қорғанда қазба жұмыстары толық аяқталғаннан кейін, дромостан басқа ешқандай жерлеу орны табылған жоқ. Дромос толығымен қазылып тазалынды. Соған қарағанда дромос жер астына қазылып жасалғанымен жерлеу камерасы жер үстіне жасалған. Бұл дегеніміз оба үйіндісі астында жерлеу камерасының жер бетінде қойылуы дегеніміз ерте сақ дәуірі кезеңінің жерлеу дәстүріне жатқызылады. Жерлеу камерасы таудың жақпар тастарынан үйіліп жасалған, алайда тонау кезінде барлық тас құрылыстар бұзылып кеткені анықталды. Қорғаннан заттай артефактілер немесе ешқандай адам сүйектерінің қалдығы мен мерзімдеме жасауға қажетті белгілер табылған жоқ (20-сурет).

20-сурет. №8 қорған. Аршылып, тазаланған дромостың шығыстан түсірілген суреті

Қырықоба қорымындағы обалырдың құрылымы. №8 қорған екінші қатардың оңтүстік батыс жағында, яғни екінші қатардағы екінші қорған, көлемі жағынан №7 қорғаннан екі есеге үлкен. Бұл обаны көшпелілер қоғамының жаңа әулетінің бас өкілі жерленген жаңа қасиетті кеңістікті айқындайтын нысан ретінде қарап, оның басқа обалардан алшақтау орналасуын, келешекте жерленетін оның жақын тумаларына орын бағыштап қою идеясынан туындаған деген болжам айтуға болады.

Қорғанның диаметрі 48 м, биіктігі 4,5 метр. Бірақ, ондаған тоннаға жететін тас конструкция екі мың жылдан астам уақытта біраз шөгетінін ескерсек, оның биіктігі 6-7 м болуы ғажап емес. Қорғанды айнала қосымша тас құрылымдар, үйінділер және тас жолақтар орналасқан, олар бүкіл кешеннің көп сатылы жерлеу рәсімін өткізу барысында пайдаланатын ғұрыптың құрамдас бөліктері болып есептеледі.

Оба үйіндісі шеңбер тәріздес. Сонымен бірге обаның сыртқы қоршауы немесе сыртқы іргетасы бар, ол қорғанды тұрғызу барысында үйілген тастарды жан-жаққа шашырап кетуден сақтаған.

Енді, обаның салыну кезеңдеріне тоқталайық. Алдымен, жерлеу орны таңдап алынған. Шын мәнісінде, Қырықоба қорымында орналасқан элитарлы сақ патша қорғандары кең жазықта, айналасы таулармен қоршалған алаңқайда орналасқан.

Содан кейін қабір шұңқыры қазылды. Қорым орналасқан жерінің қаттылығы сол кезеңдегі адамдарға қабір шұңқырын терең қазуға мүмкіндік бермеген.

Қабір шұңқыры қазылып, жерлеу рәсімі аяқталғаннан кейін, қабірдің дәл үстінен, көбінесе жарты сфера немесе күмбез тәрізді биіктігі 2 м құрайтын құрылым жасалынған. Айта кететін бір жәйт, бұл қорғаннан дромостың табылуына байланысты қабір тұсымен қоса дромосқада тас құрылымы жасалған. Яғни, қабірдің үстіне тұрғызылған тас құрылым ұзынынан қазылған дромосты да жауып тұрған. Бұл тас құрылымның биіктігі 2-2,5 м-ді құраған күмбез тәрізді. Оның деңгейі бір қалыпты болады, себебі обаның келесі тас қабаттары осы платформаның үстінен ортадан шетке қарай балықтыңқабыршағы сияқты принципте қаланы береді. Тас қабаттарды бекітіп ұстап тұрудың амалы осы, ешқандай басқада байланыстырушы материалдарды қоспаған. Тек қана дәліздің беткі қабатын жабуға ағаш бөренелерін пайдаланғандығы болмаса.

Келесі сатыда тұрғызылған күмбез тәрізді тас құрылымды топырақпен қоршаған. Үйілген топырақтың биіктігі 2 м-ді құрайды. Қорғанның жан-жағында топырақ қазылған жер байқалмайды, сондықтан топырақтың қорғаннан алыстау жерден алып келінуі мүмкін деген болжам айтуға болады. Қазу барысында топырақ қабатының қатты нығыздалғандығы байқалды.

Қорғанды топырақпен үйгеннен кейін, оның үстіне бір қабат тастар қаланған. Тастардың көлемі әртүрлі болып келеді. Қаланған тастардың биіктігі 40-50 см-ді құрайды (21-сурет).

20-сурет. №8 қорған. Аршылып, тазаланған дромостың шығыстан түсірілген суреті

Қырықоба қорымына тән сақ элитарлы қорғандарының әр қайсысының өзіндік ерекшелігі бар. №1 және №2 қорғандар бір-біріне өте ұқсас, олардың диаметрлеріде бірдей, обалардың қасындағы ғұрыптық орындардыңда ұқсастығы байқалады. Бірінші тізбекте орналасқан қорғандардың ішіндегі ең ерекшесі №3 қорған. Бұл қорған патша қорғандарының арасындағы ең үлкені. Қорғанның айналасын қоршап жатқан тас тізбекпен қоса ор қазылған. Бұл ордың тереңдігі 1 м-ден 1,5 м-ге дейін, ені 2 м-ден 2,5 м-ге дейін. Яғни, бұл ор өте үлкен. Қорғанның үлкендігі және ондағы ордың болуы, бұл обада жатқан адамның мәртебесі өте жоғары екендігінің көрінісі.

Бірінші тізбекте орналасқан №4 қорған аумағы жағынан №1 және №2 қорғандарға ұқсас. Бірақ, бұл қорғанды қоршаған тас тізбектің ішкі және сыртқы жағында мүлдем ғұрыптық орындардың болмауы қорғанның өзіндік ерекшелігін көрсетіп тұр.

№7 қорған.

Екінші нысан ретінде №7 оба таңдалып алынып, қазба жұмыстары басталды (22-сурет). Диаметрі 28 м, биіктігі 1,7 м болған оба тас пен топырақ араластырып үйілген. Қазбаға дейінгі көрініс бойынша обаның бетін топырақ пен шөп жабындысын көмкеріп жатты. Обаның беткі қабатында солтүстігі мен шыңыс бөліктерінде үлкен тастар көрініп жатты. Орта бөлігінде 3х3 м шамасында сары топырық болып тұрды. Қорғанның сырты айналдыра ор қазылып, тек шығыс бөлігінде 4 м аралығы қалдырылған. Сондай ақ, оба тік тұрғызылған тас қаландылары да байқалды.

22-сурет. №7 қорғанның О-Ш бөлігінің кесіндісінің суреті.

Обаның беткі қабаты топырақтан тазартылып толық аршылғаннан кейін ескерткіштің сыртқы құрылысы анықталды. Қазба нәтижесі көрсеткендей, оба негізгі 4 бөліктен тұрады: обаның ортаңғы бөлігі ірі жұмыр қызыл тастармен (орташа көлемдері – 30х25х20 см), одан кейін таудың ұсақ көк тастарымен көмкеріліп, етегі айналдыра ірі қызыл тастармен бекітілген (23,24-суреттер). Обаның сырты айналдыра тік плита тастар қойылып қоршалған (25-сурет). Қоршау тастарының көлемдері 30х50х10 см. Қоршау мен оба жиегінің арасы 1 м.

Қазба обаны 4 секторға бөліп, шығыс бөлігіндегі А секторының үйіндісін тазарту жұмыстары жүргізілді. Нәтижесінде орта бөліктен қабір дағы көріне бастады (26-сурет). Сондай-ақ, қабір дағының айналасында үйілген сары топырақ, яғни қабір шұңқыранан шыққан топырақ үйіндіні аңғаруға болады. Қабір орнын толықтай анықтау үшін обанын ортасын 4х4 м көлемде төртбұрышты етіп кеңітіліп қазылды (27,28-сурет). Қабір құрылысының шетін айналдыра жатқызылып қойылған плита тастары топырақтан тазартылды. Материкке дейінгі топырақ аршылғаннан кейін қабір шұңқырының ұзындығы 4 м, ені 3 м кеңдікті сопақша пішінде екендігі анықталды. Қазба нәтижесінде қабірдің шығыс қабырғасы тұсынан 1,2 м тереңдікте адамның жақ және қаңқа сүйектері шашыраңқы күйде табыла бастады. Қаңқа сүйектерінен өзге 1,3 м тереңдікте 1 дана 10х9 мм көлеміндегі қаңылтыр алтын қапсырма бөлігі табылды. 1,5 м тереңдікте қабір шұңқырының беті жатқызылған жалпақ тастармен толықтай жабылғандығы анықталды. Жалпақ тастардың орташа көлемдері 1х0,5м, 0,9х0,6м. Тастар алынғаннан соң, бір қабат топырақ аршылып, 2 м тереңдіктен қырлы жалпақ тастарды тігінен қою арқылы тұрғызылған ішкі қабір шұңқыры көрінді. Ішкі қабірдің көлемі ұзындығы 3 м, ені 1,3м төртбұрышты пішінді. Қабірдің беті көлденеңінен жалпақ тастармен жабылған. Шығыс жағындағы тастары ұсақталып ретсіз орналасқан (29-сурет). Бұл аймақ тонаушылар ізі болуы ықтимал. Себебі, қабірдің шығыс жағынан шашыраңқы күйде адам қаңқасының қалған бөліктері табылды. Сондай ақ, топырақ арасынан табылған заттар ішінде алтыннан жасалған әшекей бұйымдар, қоладан жасалған екі қанатты жебе ұшы, сүйектен жасалған жебе тәріздес зат, көгілдір асыл тастан жасалған моншақ қалдықтары, сүйектен жасалған әшекей бұйым және трепанация жасалған адамның бас сүйегі кездесті.

Табылған адам сүйегінің қалдықтарының ішінде адамның бас сүйегі бүтін болып шықты. Бұл бас сүйекке трепанация жасалғандығы анықталды (39,40-суреттер). Адамның бас сүйегінің сақталу деңгейі өте жақсы, трепанациялық тесіктен басқа жарақаттар байқалмайды.

Бас сүйектің артқы бөлігінің сүйектерінің жіктерінің біріккен жерлері бұдырлы, ерекше болып келеді. Бірақ бұл қандай да бір сыртқы әсерден емес, тума сондай болғанға ұқсайды.

Трепанациялық тесік бас сүйектің артқы жағында шүйденің оң жақ төменгі бөлігінде орналасқан. Тесік дұрыс емес дөңгелек пішінді, өтпелі болып табылады. Ең кең жерінің диаметрі 12 мм-ді құрайды. Тесік үшкір затпен ойылып отырып жасалған. Тесіктің қырлары өткір, яғни сүйекте жазылу іздері байқалмайды. Бұған қарап, трепанацияны адамның өлгеннен кейін жасалған деп тұжырымдауға болады.

Бұл қорғаннан табылған заттардың ішінде алтын бұйымдардыңда өзіндік ерекшілігі бар. Алтын сырға жақсы сақталған, тек қана сырғаның құлаққа ілінетін тұсы тат басқан. Сырғаның пішіні ұзыннан келген, бас жағы дөңгелек тәріздес. Жалпы сырға ұзындығы 2,2 см, дөңгелек тәрізді бөлігінің ұзындығы 0,7 см, ені 0,5 см-ді құрайды.

Бұл алтын сырғаның дөңгелек тәрізді бөлігіне сол дәуірге тән аң стилі бейнеленген. Сырғаны мұқият қараған жағдайда жыртқыш аңның бейнесі суреттелгенін көруге болады. Әшекей бұйымдарын бұндай әсемдікпен өрнектеу сол дәуірдегі Қазақстан жерін мекен еткен тайпа бірлестіктерінің мәдениеті жоғарғы деңгейде болғандығының бірден-бір көрінісі (41-43-суреттер).

№7 қорғаннан табылған заттардың тағы бірі - алтын қапсырманың қалдығы. Алтын қапсырма бүтін емес, бірақ қалдығының өзі жақсы сақталған. Ұзындығы 0,9 см, ені 1 см-ді құрайды. Алтын қапсырма өте жіңішке түрде істелінген. Қапсырманың жоғарғы жағында аң стиліне жататын суреттің бейнеленгендігін көруге болады (44-сурет).

Алтын салпыншақ. Бұл әшекей бұйымның пішіні шар тірізді. Шар тәрізді өте ұсақ алтындарды бір-біріне жапсыру арқылы жасаған. Мойынға іліп жүру мақсатында салпыншақтың жоғарғы жағына ілгіш жасалған. Бұйымның сырт жағынан соққылап жапсырылған алтындарды жалпақ түрге келтірген. Салпыншақтың диаметрі 5 мм-ді құрайды (45-сурер).

Сегіз түйірлі алтын зер. Бұл әшекей бұйым №7 қорғаннан табылған алтын заттардың қатарын толықтырып отыр. Алтын зер сегіз шар тәрізді ұсақ алтындарды бір-бірне тіктөртбұрыш пішінде жапсырып шыққан. Іліп алу мақсатында алтын зердің ортасында тесігі бар. Жалпы диаметрі 3 мм2 (46-сурет).

Бес түйірлі алтын зер. Алтын зер бес әртүрлі шар тәріздес алтындарды кезектестіріп жапсыру арқылы жасалған. Пішіні шеңбер тәрізді. Шеңбер тәрізді етіп жасаған уақытта орта тұсын ілгіш жасау мақсатында ашық қалдырған. Диаметрі 2 мм-ді құрайды (47-сурет).

47-сурет. №7 қорғаннан табылған сүйектен жасалған әшекей бұйым

№7 қорғаннан қоладан жасалған бұйымға – жебе ұшы жатады. Жебе ұшы жақсы сақталған. Жебе ұшы екі қанатты және өте үшкір болып және ағаш өзек кигізетін тесігі бар. Пішіні ромбалық-ассимметриялық және ромбалық түрде. Ұзындығы 3,2 см, ең енді жері 1 см-ді құрайды. Жебе ұшы ағашымен бірге табылып отыр. Ағаш қалдығы жебенің басталар тұсынан сынып қалған. Жебе ұшы ағаштың кіреберіс тұсы 0,5 см-ге дейін шеңбер кейпінде, қалған тұсы үшкірленіп келеді (48-сурет).

Сонымен бірге бұл қорғаннан табылған заттардың қатары сүйектен жасалған әшекей бұйыммен толығып отыр. Бұл әшекей бұйым мал сүйегінен жасалған және өте жақсы сақталған. Бұл бұйымның ұзындығы 2,1 см, ені 1,5 см-ді құрайды. Бұйымның жоғарғы сол жағына қарай бір-бірінен 10 мм қашықтықта орналасқан екі тесігі бар. Бұл тесіктер бұйымның сәндік әшекей зат ретінде пайдаланылғандығын дәлелдей түседі. Жалпы сүйектің бетінде жыртқыш аңның суреті бейнеленген. Сүйекке жыртқыш аңның бейнесі солдан оңға қарай салынған. Бұл аңның суретін мұқият қараған кезде барысқа ұқсайтындығын байқауға болады (49-сурет).

Сүйек амулет. Амулет моншақ ретінде пайдалану үшін иілген сүйекті әсемдеп тұрып жасаған. Амулетті орта тұсынан екі жаққа қарай жұқартып жасаған. Сол жақ шетінде тесігі бар. Бұл тесік жіп өткізіп тағып жүру мақсатында жасалған. Ұзындығы 4 см, ең енді жері 1 см-ді құрайды. (50-сурет)

№7 қорғаннан табылған заттар қатарына ұңғыма сүйектен жасалған жебе ұшы жатады. Бұл жебе ұшы конус тәрізде, ұш жағы үшкірленіп жасалған, ұш жағынан 0,5 см-ден басқа бөлігі шеңбер тәріздес. Бұл заттың ұзындығы 2 см, шеңбер тәріздес бөлігінің диаметрі 0,6 см. Аяқ жағында жебенің ағашы кіріп тұратын секілді қылып тесік істелінген, тесіктің диаметрі 0,5 см-ді құрайды. Бұл ғұрыптық зат ретінде пайдаланылған деген болжам бар (51-сурет).

№7 қорғаннан табылған әшекей бұйымға көгілдір асыл тастан жасалған моншақ қалдықтары жатады. Бұл моншақ қалдықтарының жалпы саны 2. Қорғанның тоналғанына байланысты моншақтың қалған қалдықтары табылмады. Моншақтардың үлкенінің диаметрі 0,4 см, қалыңдығы 0,1 см-ден 0,2 см-ге дейін. Кішісінің диаметрі 0,2 см-ді құрайды. Түсі көгілдір, ортасында жіп өткізу үшін істелінген тесіктері бар (52-сурет).

52-сурет. №9 қорғаннан табылған үш қанатты жебе ұшы

№9 қорған.

Археологиялық қазба жұмыстары барысында бір топ №8 қорғаннан 300 метр қашықтықта орналасқан тағы бір ерте темір дәуіріне тән №9 қорғанға қазба жұмыстары жүргізілді. №9 және №10 қорғандар С-О бағытта бір тізбек бойында орналасқан. Бұл қорғандардың диаметрлері 9 м-ден 12 м-ге дейінгі аралықты қамтиды. С-О бағытта қорғанның диаметрі 9,2 м, Ш-Б бағытты 9 м, биіктігі 0,4 м. Қорған тас және топырақ үйіндісінен тұрады. Қорғандағы тастардың диаметрі ең үлкендері 30 см-ден 50-см дейін, кішкентайлары 5 см-ден 15 см-ге дейінгі аралықта. Тобылғылар қорғанның О-Ш жағында орналасқан. Тастардың белгілі бір тәртіпте қойылғандығы байқалмайды. Жай ғана үйінді түрінде тасталған.

Қорғанға қазба жұмыстарын жүргізу үшін арнайы топ жасақталды. Бірінші кезекте қорған тас үйінділерден тазартып алынды (30-32-суреттер). Қорғанды қазу үшін Ш-Б қылып екі бөлекке бөліп алынды. Бастапқы қазба жұмыстары қорғанның 10 см шым қабатын алудан басталды. Шым қабатын толыққанды алып болғаннан кейін, аршылған тастарға тазалау жұмыстарын жүргізу керектігі айқындалды. Қорғанның шым қабаты алынғаннан соң қорғанның О-Ш және О-Б жағында, орта тұсына қарай тастардың жоқ екендігі анықталды (33-сурет). Аршылған тастар толық тазаланып болғаннан кейін А3 миллиметрлік қағазға қорғанның сұлбасын түсіру жұмыстары басталды (37-сурет). Қорғанның сұлбасын қағазға түсіру жұмыстары аяқталғаннан кейін, қорғанның орта тұсындағы тастарды алып тастау жұмыстары жүргізілді. Тастар толығымен алынғаннан соң қорғанның қабірі анықталды.

30-сурет. №9 қорған. Шым қабаты алынғаннан кейінгі суреті. Батыстан түсірілген.

Қабірді аршу барысында 5 см тереңдіктен, қабірдің орта тұсынан 3 жалпақ тастар табылды. Жалпақ тастардың көлемі: С-Ш жағында орналасқан тастың ұзындығы 70 см, ені 40 см, С-Б бөлікте орналасқан тастың ұзындығы 90 см, ені 70 см, оңтүстік жағында көлбеу бойымен орналасқан тастың ұзындығы 1 м, ені 40 см-ді құрайды. Қабірге қазба жұмыстарын жалғастыру үшін бұл тастар алынып тасталды (34,35-суретте).

34-сурет. №9 қорған. Қабір шұңқырының бетінен табылған жақпар тастар

Жерлеу орнын қазу барысында тереңдігі 1 м жерден адам сүйегі табылды. Табылған адам сүйегін топырақтан тазарту кезінде анатомиялық тәртіпте жатқандығы анықталды. Яғни бұл қорған ешқандай тонаушылыққа ұшырамағандығы белгілі болды. Қабірде жатқан адам сүйегін топырақтан тазарту барысында адамның сол жақ қабырғасының астынғы тұсынан қоладан жасалған айна табылды. Адам қаңқасы топырақтан толық тазартып алынды. Сонымен бірге қола айнадан бөлек бұл қорғаннан тас қайрақ және қоладан жасалған үш қанатты жебе ұшы табылды. Жалпы қабірдің ұзындығы 2,2 м, ені 2 м, тереңдігі 1 метрді құрайды (36,38-суреттер).

Айна қоладан жасалғандықтан өте жақсы сақталған. Қола айна ерте темір дәуірінде кеңінен таралған, әсіресе, соңғы қола дәуірінен ерте темір дәуіріне өтпелі кезеңде көптеп кездеседі. Айна жалпақ шеңбер тәрізді, шет жақтарына айналдыра биіктігі 1 см-ді құрайтын қола жабыстырып әсемдеген. Орта тұсында айнаны ұстауға ыңғайлы болуы үшін тұтқа жасалған. Бұл айна диаметрі 8 см, шет жақтарының биіктігі 1 см. Айнаға тұтқаны иіп отырып жапсырған, орта тұсы ашық қалдырылған. Тұтқаның сыртқы биіктігі 1,3 см, ішкі жағының биіктігі 0,9 см, бірінші жапсырылған тұсынан екінші жапсырылған тұсына дейінгі ұзындығы 1,7 см (53-сурет).

53-сурет. №9 қорғаннан табылған тас қайрақ

Қоладан жасалған жебе ұшының ұзындығы 2,2 см, ені 0,8 см, биіктігі 0,8 см-ді құрайды. Жебе ұшы үш қанатты болып келеді. Жебе ұшының орта тұсынан екі қырынан 0,2 см-ді құрайтын тесігі бар. Бұл тесік жебеден дыбыс шығару үшін істелінген деген жорамалды айтуға болады. Жебе ұшының аяқ жағында жебенің ағашы кіріп тұратын тесігі бар. Бұл тесік арқылы жебеге ағаш қатырылған. Бұндай жебе ұштары ерте темір дәуіріне тән (54-суретте көрсетілген).

№9 қорғаннан табылған артефактілер қатарына қайрақ тас жатады. Қайрақ тас өте жақсы сақталған күйде табылып отыр. Оның жалпы ұзындығы 8,7 см, ені 2,5, биіктігі 1 см-ді құрайды. Қолдануға ыңғайлы етіп жасалынған. Қайрақ тастың шет жақтары жұмырланып келеді. Қайрақ тастың бас жағынан 1 см аяқ жағына қарай диаметрі 1 см-ді құрайтын конус тәріздес тесігі бар. Тесіктің аяқталған жерінің диаметрі 0,5 см-ді құрайды. Бұл тесік қайрақ тасты жіппен байлап алып жүру үшін істелінген деген тұжырым жасауға болады (55-сурет).

55-сурет. №1 ғұрыптық орынның шым қабаты алынғаннан кейінгі суреті

2.3 Ғұрыптық орындар

Адамзат тарихында ғұрыптық орындар маңызды орынға ие. Адамзат әрдайым табиғатта болып жатқан жауын-шашын, әртүрлі табиғи апаттарды тылсым бір күштің әсерінен болып жатыр деп ойлаған. Сондықтан да бұл тылсым күшке адамдар құрбандық шалып, оларға арнап ғұрыптық орындар тұрғызып отырған. Әр дәуірдің ғұрыптық орындары әртүрлі, өзіндік ерекшеліктері бар. Қазақ жерін мекен еткен тайпа бірлестіктеріне тән ғұрыптық орындар негізінен тастан тұрғызылған. Ғұрыптық орындардың қызметі әрқалай. Ол орындарда мал және адамдарды құрбандыққа шылып, от жағып өзіндік шаралар өткізіп отырғандығы белгілі.

Ғұрыптық орындар жалпы қазақ даласында ерте қола дәуірі кезеңдерінен бастап дамып, ерте темір дәуірлерінде үлкен даму деңгейіне жетті деп айта аламыз. Оған негізгі себеп ерте темір дәуіріндегі тайпалардың шаруашылығы көшпенді өмірге бағытталғандықтан, сол қоғам үшін табиғат мінәжәті бірінші орында тұрды. Оған негізінен күнге табыну, түннен қорқу, яғни қара түнек өлілер әлемі деп түсіну. Сонымен бірге отқа табыну мен бірге жылқы культінің маңызды орынға көтерілуі болды. Оттың астарлы қасиеттеріне байланысты А.З. Бейсеновтың пікірлері бойынша бір күйден екінші күйге айналдыру қызметін атқарған. Яғни, қараңғыны - жарық ету, суықты – жылыту, шикінің – пісіру, арамды – адалдау, қаттыны – жібіту сияқты астарлы ұғымдармен астасып жатыр. Ал енді осыған жылқы культінің маңызды орынға ие болуына бірнеше себепті келтіруге болады. Мәселен көшпенді өмірдің негізгі көлігі ретінде, алыс қияндарға жету үшін, алыс сапарларға тез жету сияқты қазіргі қоғамдағы сияқты автокөліктің орынын атқарды. Екіншіден жылқы культінің маңызды орынға ие болуы көшпенділер дүниетанымында жылқының көктің, яғни аспанның елшісі ретінде қарады. Жылқы бұл дүние мен аспан арасын байланыстырушы. Бұған байланысты түркі халықтарында, тіпті қазақ халқында көптеген мысалдарды келтіруге болады. Ат ер қанаты, қанатты пырақ, өлген әкесін жылқыға мінгізіп жіберіпті деген сияқты көптеген ауыз екі сөз тіркестерін айтуға болады.

Ғұрыптық ескерткіштер жөнінде ғылыми әдебиеттерде жекелеген мақалалар болмаса немесе зерттеу обаларының қосымша құрылыс деп қарағанмен оның толық ескерткіштің кешені деп қарау көпшілік зерттеулерде байқалмайды. Сол себепті біздің зерттеулерімізде ғұрыптық ескерткіштерді кең ауқымда зерттеу маңызды жұмыстардың бірі. Екіншіден бұл зерттеулерімізге себеп болып отырған Қырықоба ескерткішінде ғұрыптық орындардың көп болуының өзі біздің қызығушылығымызды тудырды.

Жазғы маусымда Қырықоба қорымындағы археологиялық қазба жұмыстары бір қорған алды ғұрыптық орнына яғни №8 обаның солтүстік – батыс шетінде орналасқан ғұрыптық ескерткішке жаслды. Сонымен бірге Қырықоба қорымының оңтүстік-батысына қарай 500 метрдей жерде жеке орналасқан Сегізтасты ғұрыптық қоршау орнына қазба жұмысы жүргізілді. Сонымен қатар біздің бағытты зерттеулеріміз ерте темір дәуірі ескерткіштері болғанмен негізгі жұмысымыз дәстүр жалғастығы мен мәдениет аралық байланыстарды қарастыру болғандықтан бір түркі дәуіріне тән ғұрыптық орынға қазба жұмысы жүргізілді.

№1 нысан. Оба айналасындағы ғұрыптық орын

№8 қорғанды қоршаған тас тізбек толығымен аршылғаннан кейін тас тізбектің сыртқы жағында орналасқан, қорғанның солтүстік-батысы жағында тас тізбектен 1 метр қашықтықта орналасқан №1 ғұрыптық орынға қазба жұмыстары жүргізілді. Бұндай ғұрыптық орындар ерте темір дәуіріндегі сақ патша обаларына тән екендігі белгілі. Жалпы ғұрыптық орындардың саны 18 тас үйінді, биіктіктері 15 см бастап 30 см-ге дейін, диаметрлері 3 метрден 5 метрге дейін (56-сурет).

56-сурет. №1 ғұрыптық орынның шым қабаты алынғаннан кейінгі суреті

Ғұрыптық орынның беткі қабаты тас және шым қабаттарынан тұрады. Бірінші кезекте ғұрыптық орынның шым қабатын аршу жұмыстары жүргізілді. Шым қабаты аршылып, тазаланып алынғаннан соң тастардың құрылысы анықталды (57-59-суреттер). Ғұрыптық орын Оңтүстік - Солтүстік бағыттағы ұзындығы 3,2 метр, Батыс-Шығыс бағыттағы ұзындығы 3,9 метр, биіктігі 0,2 метрді құрайды. Ғұрыптық орынды аршу барысында байқағанымыз: тастардың құрылысы төртбұрышты болып келеді. Ғұрыптық орынның тастары толыққанды алынып тасталғаннан кейін тастардың астына басқа жерлеу орыны немесе ғұрыптық орында шұңқыр бар жоғын анықтау мақсатында 30 см тереңдікте қазба салынды.(60-сурет). Қазба жұмыстары кезінде топырақ қабатының өзгеруі немесе басқа да белгілер байқалған жоқ. Тек айнала қойылған тастардың арасынан күйген от орындары мен қара түсті топырақтың қалдықтары байқалды. Соған қарағанда бұл жерде ғұрыптық мақсатта от жағылып еске алу шарасы өткізілген болуы керек. Ғұрыптық орынның толық сұлбасы 61-суретте көрсетілген. Қазба жұмыстары жүргізіліп біткен соң ғұрыптық ескерткіштің тастары қайта орынына қойылып, болашақта кешенді ескерткіштің толық сұлбасын анықтау жұмыстарына дайындалды. Сонымен бірге қазіргі таңда қазба жұмыстарының барысы біткеннен кейін оны қалпына келтіру, яғни рекультивация жұмыстары жасалды. Ғұрыптық ескерткіштің №8 қорған айналасында орналасқан барлық саны 18 болғандықтан алдағы уақытта барлық нысандарға қазба жұмыстарын жүргізу көзделіп отыр. Бұл он сегіз ғұрыптық қоршаулардың барлығы тек №8 қорғанға тән болғандықтан, ғұрыптық ескерткіштердің басқа түрі сегіз тасты ғұрыптық қоршау осы обалар тізбегінен 800 метр батысқа қарай жеке дара орналасқандықтан оған да жеке қазба жұмыстары жасалынды.

№2 нысан. Сегізтасты ғұрыптық орын

Келесі кезекте №1 қорғанның оңтүстік-батыс жағында 500 м қашықтықта орналасқан Сегізтас ғұрыптық орнына қазба жұмыстары жүргізілді. Сегізтас ерте темір дәуіріне тән ғұрыптық орындардың бірі болып табылады. Сегізтасты ғұрыптық орындар ерте темір дәуіріне тән сақ патша қорғандарының жанында кездеседі. Жалпы Сегізтас ғұрыптық орындарының Қырықоба қорымындағы саны - 2. Екінші ғұрыптық орын №2 қорғанның солтүстік жағында 200 м қашықтықта орналасқан. Бұл да Қырықоба кешенді ескерткішінің өзіндік ерекшелігі деп тануға болады. Өйткені көбінесе ерте темір дәуірлерінің сегіз тасты ғұрыптық ескерткіштері негізгі обадан өте қашық емес жерде орналасады. Ал бұл кешенде өте алыстау жерге жеке дара орналасқан сегіз тасты қоршаулар болып келеді.

№1 Сегізтас ғұрыптық орны сегіз әртүрлі көлемдегі (90х110х60) шеңбер бойы жинақталған жұмыр тастардан тұрады(62,63-суреттер). Оның диаметрі С-О бағытта 3,1 м, Ш-Б бағытта 2,7 м, биіктігі 0,3 метрден 0,7 метрге дейінгі аралықта. Ішкі диаметрі С-О бағытта 2,5 м, Ш-Б бағытта 2,3 м-ді құрайды (64,65-суреттер).

64-сурет. №2 Сегізтас ғұрыптық орнынан табылған сүйек 65-сурет. №2 Сегізтас ғұрыптық орнынан табылған сүйек

Қазба жұмыстары Сегізтас ғұрыптық орнының төрт бұрышына қазық қағылып, шым қабатын аршып алудан басталды. Шым қабаты толық ашылғаннан кейін ғұрыптық орынның орта тұсынан тағыда 20 см тереңдік қазба қазылды. Қазба барысында ғұрыптық орынның оңтүстік бөлігіндегі тастан 10 см солтүстікке қарай жылқының сынған жамбас сүйегі табылды(66-сурет). Өкінішке орай бұл сүйектің қалған бөліктері шыққан жоқ. Жамбас сүйектің бөлігінен басқа ешқандай заттық деректер табылған жоқ. Жамбас сүйектің орта тұсынан иірілген, жалпы ұзындығы 10 см, ені 3 см-ді құрайды (67-69-суреттер). Сегізтас ғұрыптық орнының жалпы жоспары мен кескіні жасалды (70-сурет). Бұл жылқы сүйегінің табылуының өзі ескерткіштің мерзімдемесін анықтауға үлкен мүмкіндік тудырады деп ойлаймыз. Алдағы уақытта осы жылқы сүйегін және адам сүйектері мен басқа да органикалық заттардың қалдықтарын Англияның Шеффельд қаласындағы Шеффельд университетінің зертханасына жіберіп мерзімдемелік ақпараттар алуға апаруды жоспарлап отырмыз.

№3 ғұрыптық орын

Археологиялық қазба жұмыстары №3 ғұрыптық орынға басталды. Бұл ескерткіш Қырықоба қорымының 3 тобында солтүстік шығыс жақ шетінде орналасқан ғұрыптық әрі монументальды ескерткіш болып саналады. Қырықоба 3 қорымында негізінен ғұн-сармат дәуірінің және түркі дәуірінің ескерткіштері аралас кездесетін ерекше обалар тобы. Қорымда жалпы 13 жерлеу ескерткіші бар. Олардың ішінде 4 жерлеу ескерткіші түркі дәуіріне жатады. Сонымен бірге түркі дәуіріне тән ескерткіштердің бәрі қорымның солтүстік шығыс жақ шетіне орналасқан. Олардың солтүстік жақ шетіндегі біреуінде балбал тасы бар қалған екеуінің де балбал тастары бар болған болуы мүмкін. Алайда жерлеу ескерткіштерінің шығыс жағында балбал тастары жоқ. Бірақ шығысқа қарай тізбектеле орналасқан тігінен қойылған тастардың сынықтары жүз елу метр жерге дейін созылып жатыр. Тік тұрған тастардың сынықтарының көлемі жер бетінен 30-40 см мөлшерінде сақталған.

Қырықоба 3 қорымының басқа обалары ғұн-сармат дәуіріне жатады деуге негіз болып отырған себебіміз обалардың тастан үйілгендігі және сопақша болып келуі. Сонымен қатар жерлеу ескерткіштерінің орталары тоналған. Сол тонау белгісінің қазылған топырағынан ерте темір дәуіріне тән қыш ыдыстың ернеуінің сынығы табылды.

Дегенмен бұл болжамымыз жоққа шығып барлық қорымдағы ескерткіштердің дені түркі дәуіріне жатуы мүмкін.

Қырықоба 3 қорымының шеткі түркі дәуіріне жататын ескерткішіне қазба жұмыстары толық қазба методикасын сақтай отырып жүргізілді. Бұл ғұрыптық орынның диаметрі 2,5 метр, биіктігі 0,3 метрді құрайды. Ғұрыптық орынның жалпақ тастардан тіктөртбұрыш түрінде тұрғызылған (71,73,77-суреттер). Тік төртбұрышты тас плита қоршаудың ортасы екі үш қатар тастармен толтырылған. Толтырылған тастардың көлемі әркелкі болып келген. көлемдері төмендегідей 15х20х30, 25х35х40. Ғұрыптық орынның шығыс жағында биіктігі - 1,2 метр, ұзындығы -0,4 метр, ені -0,1 метр құрайтын тас мүсін (балбал тас) орналасқан. Балбал тастың түсі қызғыл түсті жергілікті жердің гранит тасынан жасалған. Бұл тас мүсіннің бас жағы кейінгі кезеңдерде сындырылып бүлдіріліп тасталған. айналасында шашылған тастар арасынан балбал тастың бас жақ бөлігі табылмады. Тек иық тұсының сынық бөлшегі табылып оны орнына қойылып суретке түсірілді. Тас мүсінде оң қолына тостаған, сол қолына қанжар ұстаған және малдас құрып отырған адам бейнесі бейнеленген Қанжар ұстаған қолында сонымен бірге қынабына салынып тұрғаны байқалады. Қанжардың қынабы адамның белбеуіне орнатылған. Белбеуі өте жуан емес әрі әр жерінен бекітілген қапсырмалары бар екендігі байқалады. Балбал тастың бас бөлігі болмағанымен бұл тас мүсін ер адамға орнатылғанын байқауға болады. Балбал тастың монументальды графикасы мен оның кескіндемесіне және жананда орналасқан төртбұрышты құрылысына қарап түркі дәуірінің орта кезеңі яғни 9-10 ғасырлармен мерзімдеуге болады. (72,74,78-суреттер).

Ғұрыптық орындағы қазба жұмысы бірінші кезекте шым қабатын аршудан басталды. Шым қабатын аршу үшін 3 те 3 метр2 жерге жіп тартылып қазба салынды. Шым қабаты аршып алынғаннан кейін ғұрыптық орынның ортасындағы тастары мен қоршауы сызбаға және фототүсірілімге түсірілді. Ғұрыптық ескерткіштің төртбұрышты құрылысы ішінде басқа да ғұрыптық шаралар жасау кезінде заттар бар жоғын анықтау мақсатында қазба салынды. Жерлеу орны 1 метр тереңдікке дейін қазылып алынды. Қазба жұмысын бұл түркі дәуірінің ескерткішіне жүргізілудегі мақсат ерте темір дәуірі мен түркі дәуірі ғұрыптық кешендері аралығында тарихи-мәдени байланыстардың бар жоғын анықтау мақсатында болды. Барлық түркі дәуіріне тән ғұрыптық орындар секілді бұл ғұрыптық орыннан да ешқандай артефакті табылған жоқ. Болашақта осы ескерткішпен қатарлас жатқан түркі дәуірі ескерткіштерін зерттеу арқылы маңызды ғылыми тұжырымдар жасаймыз деп ойлаймыз (75,76-суреттер).

71-сурет. №3 ғұрыптық орын. Қазбадан кейінгі көрініс 72-сурет. №3 ғұрыптық орын. Қазба жұмысынан кейінгі көрініс

Жұмыс барысының иллюстрациялары

Институт туралы

Қазақстан республикасының мәдениет және
спорт Министрлігінің Қазақ мәдени ғылыми зерттеу институты

ЖШС «Қазақ мәдени - ғылыми зерттеу институты» - Қазақстан Республикасының ғылыми зерттеу жобалық ұйымы Қазақстан Республикасының мәдени кеңістігінің барлық деңгейіндегі жүйелік анализ жасап, мемлекеттік мәдени - саясатын құрастыру, мәдени- ақпарат облысында мемлекеттің ғылыми әдістемелік қызметін қамтамасыз ету , Қазақстанның тарихи және мәдени мұратының кешенді зерттеу және сақтау

Қазақ мәдени- ғылыми зерттеу институтының миссиясына мәдени - ғылыми зерттеу саласында кешенді әрі терең анализ жасау, Қазақстан Республикасының мәдени саясатының концепциясын жүзеге асыру, мәдени тарихи мұрағаттардың зерттеліп сақталуы және жаһандық мәдени кеңісітікте интеграциялануы мен қатар нәтижелі халықаралық ынтымақтастықты байланыстарды орнату болып табылады.

Ресми сайт: www.cultural.kz

Ұйым туралы

Умиткалиев Улан Умиткалиевич

Жоба басшысы

Умиткалиев Улжан Умиткалиевич - тарих ғылымының кандидаты, Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық Университетінің археология және этнология кафедрасының меңгерушісі , доцент.

Жобаға қатысушылар: Г.Т. Каженова, Г.К. Кожахметова, Н.Е. Сайлаубай, К.А. Искаков, М.У. Ногаева, А.Д. Жуандыкова, Ж.К. Айтенов