1 Шығыс Қазақстанның ерте темір дәуірі ескерткіштерінің зерттелу тарихы мен семантикасы

1.1 Шығыс Қазақстан сақ патша обалырының зерттелу тарихы

Шығыс Қазақстан жері өзінің сан түрлі географиялық түзілімі мен климаттық ерекшелігіне байланысты ықылым замандардан бері адам баласының тіршілік етуіне қолайлы аймақтардың бірі болып саналады.

Бұл өлкедегі көптеген Ертіс, Ульба, Бұқтарма сияқты ірі өзендермен қатар ірілі ұсақты мыңдаған өзендердің болуы және Зайсан, Алакөл, Марқакөл, Балқаш сияқты еліміздегі айдынды көлдермен астасып жатқан жер көлемі игі әсер етті. Сонымен қатар Алтай сілемдеріне жататын Сауыр, сайқан таулары, Тарбағатай, Қалба, Нарын жоталары, Шыңғыстау сияқты тау жүйелерінің мал жайылымына қолайлылығымен бірге еліміздегі кенді аймақ болғанының өзі толассыз мәдениеттер мен миграцияның қайнаған ортасына айналды.

Зерттеу объектіміз Шығыс Қазақстан өлкесінің оңтүстігіне яғни Балқаш ойдымына қарай орналасқандықтан бұл территорияда археологиялық тұрғыда ғылыми зерттеулер жүргізілген жоқ. Оған басты себеп болған Семей өңірінің жабық полигон айм ағы болуы да ісер етсе керек.

Алайда өз зерттеулерімізге арқау болу үшін Шығыс Қазақстан өңіріндегі ерте темір дәуіріндегі зерттеулер мен тарихи деректер жөнінде қысқаша мәлімет бере кеткен жөн болар деп ойлаймыз.

Шығыс Қазақстанның ерте темір дәуіріндегі халықтардың тарихы мен мәдениеті туралы алғашқы мәліметтер Геродоттың еңбегінде кездеседі. Оның мәліметіне сүйенсек, б.д.д. I мыңжылдыктың ортасында эллиндіктерге «алтын қорыған самұрықтар» мекен еткен тайпалар туралы мәлім болған [1, 270]. Бұл мәліметтерді көпшілік ғалымдар сол уақыттағы ірі алтын қоры бар Алтай тауларын мекендеген халықтармен байланыстырады. Сонымен қатар, азиялық скифтердің жерлеу дәстүрі туралы V ғ. жататын антикалық автор Ктесийдің жазбаларында кездеседі. Онда Зарина пайтшайымның қабірінің үстіне алып үш қырлы пирамида тұрғызылғандығы туралы айтылады. Бұл патшаларды даңқын естелік ретінде ұрпақтан ұрпаққа қалдыру мақсатында жасалды деп тұжырымдалды. [2, 192].

Кейінірек Қытай жылнамаларында да б.д.д. I мыңжылдықтағы қазіргі Шығыс Қазақстан өлкесін мекендеген тайпалар туралы мәліметтер кездеседі.

Бастапқыда, патшалық Ресей көркем табиғаты, алуан түрлі таңқаларлық ескерткіштері, өзіндік этно-мәдени үлгілері бар қазақ жеріне қызығушылық танытқан болатын. Орыс шенділері қазақ даласына ағылып келе бастады. Олар қалдырған деректер бүгінгі күні ғылыми бағыт-бағдардың негізі болып отыр. Сондықтан Шығыс Қазақстандағы археологиялық ескерткіштер туралы алғашқы қысқа мәліметтерді біз XVIII ғасырдың саяхатшылары мен ғалымдары еңбектерінен кездестіре аламыз. Мәселен, алғашқы академиялық экспедиция жасақтары қазіргі Шығыс Қазақстан өлкесіне 1733-1743 жылдарда келген болатын. Академик Г.Ф. Миллер бастаған экспедиция Ертіс өзенін бойлай Семей мен Өскемен бекіністерін басып өткен. Өскеменге жақын Ертіс жағасында Г.Ф. Миллер 1734 жылы бірнеше қорған мен Үлбі өзенінің оң жағалауында екі қорғанда қазба жұмыстарын жүргізген. Бұл қазбалардан ерте көшпелілер дүниетанымынан мағлұмат беретін заттар табылмағандығына қарамастан өз еңбегінде: «...Болашақта бұл жерлерден әлі де құнды заттар табылар», - деп сенімді түрде жазып кеткен.

Осы еңбегінде зерттеуші Обь пен Ертіс өзендері аралығындағы қорымдардан табылған заттар туралы да баяндап кеткен.

Сондай-ақ, 1793 жылы И. Сиверc Күршім өзенінің жоғарғы сағасындағы Нарын жотасының етегіндегі, Доланқара тауы маңындағы көшпелілер дәуіріне жататын, иесімен қоса атын да жерлеген екі қорған туралы мәлімет берген.

1768-1774 жылдар аралығында екінші экспедиция жасақталған. Патшалық империя ұйымдастырған бұл экспедицияға қатысушы П.С. Паллас, И.П. Фальк, И.Г. Гмелин, Х. Барданестер де Ертістің жоғарғы ағысындағы ежелгі қорғандар туралы мәліметтерді жинақтайды. Әсіресе, археологтар тарапынан Г.И.Спасскийдің жүргізген зерттеу жұмыстары маңызды еңбектер қатарына жатқызылады. Оның ішінде «Записки о Сибирских древностях» еңбегін ерекше этап өту керек [3, 28-64]. Еуразияның ұлы даласындағы патшаларды жерлейтін пантеондардың бірі – Берел жазығы.

Белгілі ғалым З. Самашевтың жетекшілігімен 1997 ж. Францияның Легабуе қорының қолдауымен Қазақ-Француз археологиялық экспедициясы құрылып, Франция тарапынан Анри Поль жетекшілік жасап, Берел ескерткіштеріне кешенді зерттеулер басталған болатын.

Берел қорымындағы ең құнды, әлемдік маңызы ерекше археологиялық олжалар 1999 жылдың мамыр-маусым айларында № 11 обаны толығымен қазып, ашқан кезде табылды. Аталған обаның диаметрі - 30 м-ден астам, бастапқы биіктігі 2 м-ден асатын үйіндісінің сыртқы пішіні сопақша формалы болып, оның төбесінің ортасына таман тұсы төмен қарай ойысып, отырып кеткен.

Берел қорымы Бұқтырма өзенінің оң жағасындағы биік таулы аңғарда (теңіз деңгейінен 1100 м), Ақ Берел өзенінің Бұқтырмаға құяр мүйісінен орын тепкен Берел ауылынан оңтүстік-батысқа қарай 7-8 км жерге орналасқан. Солтүстік-шығыстан онтүстік-батысқа қарай созылып жатқан аңғардың ені 2 км-ден асады. Аңғардың бас-аяғы қайың, балқарағай самырсын, шырша аралас орманмен көмкерілген Алтайдың Кемпір, Қайнар, Қарашоқы, Бетеу деп аталатын жоталарымен қоршалған, табиғаты ерекше көркем жер. Алтайдың табиғи климаттық жағдайына және көне Алтай көшпелілерінін жерлеу салтына байланысты ондағы көптеген ірі «патша обаларында» жыл бойы жібімейтін мәңгілік тоңның болуы себепті қабірге бірге қосып көмілген әр түрлі органикалык заттар, адам мен жылқының мүрделері ешқандай бұзылмай, шірімей сол қалпында сақталатын болған.

Ресей жеріндегі Таулы Алтайдағы осыған ұқсас мәңгілік тоң басқан обаларды алғаш рет белгілі археологтар М.П. Грязнов пен С.И. Руденко 1929, 1947-1949 жж. Пазырық қорымынан ашқан болатын. Кейін 1950-1954 жж. С.И.Руденко мұндай ескерткіштерді Тұяқты, Башадар қорымдарынан да тауып зерттеді. Ал 1990 ж. Ресейдің Новосибирск археологтары да Қазақстан шекарасының іргесінен Алтайдың Үкек таулы үстіртіндегі Ақ алақа, Құтырғантас обаларынан мәңгілік тоң астында қатып мумияланған әйел адам және жылқы мүрделерін тапты.

Академик Радлов археологиялық ескерткіштерді зерттеуде шынайы ғылыми әдістерді пайдалана отырып, ол тек ежелгі Шығыс Қазақстанды ғана емес, сонымен бірге бүкіл Қазақстанды зерттеуге зор үлес қосты. В.В.Радлов 1862 жылы Семей, Сергиополь (Аягөз) маңында археологиялық зерттеу жұмыстарын бастап, 1865 жылы 12 мамырдан 9 тамызға дейін Берел даласында ежелгі көшпелілердің 7 қорғанына қазба жұмыстарын жүргізеді [4, 186-189].

Шығыс Қазақстанда алғаш рет ғылыми мақсатта академик В.В. Радлов XIX ғасырдың 60-шы жылдарының басында Семей өңірінде қазба жұмыстарын жүргізіп, қола дәуірінің бес қорымын, Шүлбі өзені бойынан мыс балқытатын пеш қалдықтарын, кен қазу орындарын тапты. Өз зерттеулерінің нәтижесінде алғаш рет Шығыс Қазақстанның археологиялық ескерткіштерін дәуірледі.

Шығыс Қазақстанның тарихи-мәдени ескерткіштерін зерттеуде Орыс географиялық қоғамының Омбыдағы Батыс Сібір бөлімі мен Семейдегі бөлімшесі маңызды роль атқарды. Семейге жер аударылған Е.П. Михаэлис қаланың мәдени өмірінің өзгеруіне үлкен үлес қосты. Ол А.А. Леонтьев, П.Д. Лобановскийлермен бірге 1883 жылы Семейде алғаш рет музей және кітапхана ашты, бір айдан кейін-ақ ол кітапханаға Абай Құнанбаев келіп, Е.П. Михаэлиспен танысып, таныстықтары достыққа ұласады.

Көне мәдениет ескерткіштерін жинауда, тарихи-мәдени ескерткіштерді тіркеуде, қамқорлыққа алуда, қазба жұмыстарын жүргізуде Н.Я. Коншин, В. Никитин, ағайынды А.Н. және В.Н. Белослюдовтар, Ф.Н. Педащенко, А.В. Андриановтар елеулі жұмыстар атқарды.

Көп жылғы өлкетанушылық жұмыстарының нөтижесінде ағайынды Белослюдовтар өз үйлерін музейге айналдырды. Онда Шығыс өңірінің геологиясы мен минералогиясы, палеонтологиясы мен антропологиясы, археологиясы мен этнографиясы, нумизматика, суреттер галереясы сияқты бөлімдері болған. Археология бөлімінің озінде ғана 600-дей экспонат, нумизматика бөлімінде мыңдаған алтын, күміс, мыс монеталар болған.

1910 жылы В.И. Каменский Қызылсу өзені бойындағы Кіші Қойтастан табылған қола дәуірі қорғандарына қазба жұмыстарын жүргізу нәтижесінде бай мағлұматтарға кенеледі.

Жүйелі түрдегі мақсатты археологиялык зерттеулерШығыс Қазақстанда 1935 жылдан Ленинград Ғылым Академиясының қолдауымен жүзеге асты. С.С.Черниковтың басшылығымен 1947 жылы Өскемен және Бұқтырма су электр станциялары құрылысының басталуына байланысты мақсатты қазба жұмыстары қолға алынып, оған Ш. Уәлиханов атындағы тарих, археология және этнология институты да қатысады.

Шығыс Қазақстан жерінде археологиялық зерттеу жұмыстарының өте кеш басталуына байланысты бұл өлке өте аз зерттелген деп айтуға болады. Соғыс жылдарынан кейін 1947 жылдан бастап Шығыс Қазақстандағы археологиялық зерттеулер жүйелі сипатқа ие болады. 1949 жылы Шығыс Қазақстан ЛОИА АН СССР экспедициясы Шілікті даласына археологиялық барлау жүмыстарын бастайды. Соның нәтижесінде Шілікті ауылында 51 қорғаннан тұратын сақ дәуіріне жататын ең үлкен обалар тобы ашылды. Обаның солтүстік батысынан оңтүстік шығысқа дейінгі алып жатқан көлемі 8 км. Соның ішіндегі 13 қорғанның диаметрі 100 м, ал биіктігі 8-10 м. Қалған қорғандардың диаметрі 20-дан 80 м дейін жетеді. Осы жердегі орталық қорғанынан б.з.д. V ғасырдың екінші жартысына жататын хайуанат стилінде жасалынған алтын қапсырма және тағы да басқа материалдар тапқан. Бұл арнайы экспедициялық топ өз жұмысын 1952, 1961-1962, 1971 жылдары аралығында жүргізеді, алайда соңғы қазба барысында алғашқы қазбаға қарағанда аса бағалы бұйымдар өте сирек кездесіп отырды [5, 11].

Шығыс Қазақстан экпедициясы 1950 жылы Ертіс өзенінің оң жағалауында Самар ауданы Қызыл ту ауылы маңындағы ерте темір дәуірінің қорғандарына қазба жұмыстарын жүргізді. Ертіс бойындагы басқа қорғандардан сыртқы түрімен-ақ бірден ерекшеленетін 1947 жылғы барлау жүмыстары кезінде аныкталған 54 қорғаннан түратын топырақ үйінділі Усть Бөкен қорымында 1956 жылы б.з.д. V-ІV ғғ. мерзімделетін 22 қорған қазылды. Нәтижесінде бұл қатардағы жерлеу орындарының тайпа көсемдері Шілікті, Ақсуат алқабындағы зәулім қорғандарда жерленгендігіне, сондай-ақ бұл қорғандардың скиф қорғандарына ұқсастығына назар аударады. Осы жағынан Геродоттың скифтер шығыстан батысқа қарай қоныс аударған деген мәлімдемесіне жаңаша көзқараспен қарау керектігін айтады. Көңіл аударарлық жайт бір қорғанда да жылқыны қоса жерлеу ғұрпы кездеспеген. Бұл ескерткішті пазырық және құлажорға мәдсниеттерінен жерлеу ғұрпы мен тұтыну бұйымдары жағынан нақты айырмашылығы бар, әрі көп жағынан ұқсастығы бар Шығыс Қазақстанның ерте көшпелілерінің этникалық тобына жатқызды.

1959 жылғы С.С.Черниковтың басшылығындағы археологиялық экспедицияның алдына қойған максаты 1949 жылы басталған Шілікті қорымы және Шаған оба қорымын нақтылай зерттеу болып табылды.

Еліміз Тәуелсіздік алғалы алғалы Шілікті даласындағы ескерткіштерді 2003 жылдан әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің белгілі ғалымы Ә.Т. Төлеубаевтың жетекшілігімен жалғасты. Сол жылы Байгетөбе обасына зерттеу жүргізілді. Патша обасынан «Алтын адамның» киімінің 4303 алтын бұйымдары табылды. Оба тоналған болғандықтан, бірге жерленген заттардың көбі тоналған болып шықты. Шілікті жазығында 200-ге оба бар болатын болса, оның 50-ге жуығы сақ патша обалары болып табылады.

1955 жылы Шүлбі ГЭС-і аумағындағы археологиялык барлаулар барысында Уба-Форпост, Пьяный Яр, Қарашат, Пролетар қорғандарының археологиялық карталары жасалды. Қазақстан Ғылым Академиясының тарих, археология және этнология институты Шүлбі археологиялық экспедициясының палеолит отряды ашқан (Ж. Таймағамбетов. 1982, 1983, 1987 жылдар) Шүлбі ГЭС-інің су басу аймағын зерттеу кезінде жер бетінен жүздеген тас құралдарының табылуы қазба жұмыстарын жүргізуге негіз болды. Мәдени қалдықтар жердің босаңдау жамылғы қабаттарында 35-40 см биік астыңғы террасада, Шүлбі өзенінің Ертіске құяр сағасындағы қыратта табылады. Қазбаның жалпы көлемі 100 шаршы метрден асады. Құралдар жасауға шикізат ретінде қара, сұр, жасылдау түсті кремний жынысты ұсақ жұмыр тастарды, халцедонды және тау хрусталін пайдаланған. Шүлбі тұрағы мен ондағы қазба жұмыстар көрінісін, табылған заттарды профессор Ж.К.Таймағамбетов Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің тарих факультеті жанынан өзі ұйымдастырған дүние жүзі бойынша санаулы музейлердің бірі болып табылатын «Қазақстанның палеолит музейінде» жинастырған.

1960-70 жылдары Өскемен педагогикалық институты (Ф.Х.Арсланова) және Шығыс Қазақстан облыстық өлкетану музейі (А.А.Чариков) қызметкерлерінің зерттеу жүмыстары нәтижесінде Жоғарғы Ертіс бойының археологиялық ескерткіштерінің тізімі толықтырылды [6].

Сонымен қатар, азды-көпті жылдарда жүргізілген барлау жұмыстары нәтижесінде қола, ерте темір және түркі дәуірлерінің көптеген ескерткіштері бар екендігін төмендегі авторлардың еңбектерінен көре аламыз. Мәселен, Орталық Мемлекеттік мұражай қызметкері болған Л.К. Нифонтова, С.С. Черников, Ә.М. Оразбаев, Ә.Т. Төлеубаев, З.С. Самашев, А.Исин сияқты зерттеушілер еңбектерінде айтылады [7, 87-123], [8, 230], [9, 37-86]. Алайда бұл зерттеушілердің барлау жұмытары мен қазбалары шағын шағын ғана аумақта, Шыңғыстау жотасының оңтүстік-батысында орналасқан Сарыкөл төңірегінде жүргізілді. Сол себепті Шығыстаудың көне тарихи мұраларын толықтыру мақсатында Сарыарқа археологиялық экспедициясының Шыңғыстау тобы өз зерттеулерін 2011 жылдың жазғы маусымынан жалғасыруда.

Бұл зерттеулерге дейін де 1980 жылдардың ортасында Ә.Т. Төлеубаевтың жетекшілігімен құрамында Ә.М Оразбаев және Ғ.Қ. Омаровтар қатысқан экспедиция Шығыс Қазақстан обылысы, Тарбағатай ауданы жерінде, Тарбағатай тауының терістігінен «мұртты обалардың» бес кешенді құрылыстарын тауып, тізімге алды. Олардың екеуі (шалқақ, сынтас) ерекшеленген ескерткіштер түріне жатса, үшеуі (Сөк-2, Жыланды-2, Байғали-4) ескерткіштері топты ескерткіштер қатарына жатады. Бұл ескерткіштер тізімге алынғанымен қазба жұмыстары жүргізілген жоқ [10, 218-225].

Соңғы 15-20 жылда әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің тарихшы-археолог ғалымдары (Ә.М. Оразбаев, Ә.Т. Төлеубаев, Ж.К. Таймағамбетов, Ғ.Қ. Омаров, т.б.) Шығыс Қазақстанның көне дәуірін зерттеумен айналысуда. Ол археологиялық экспедиция жүмысына Шәкәрім атындағы Семей мемлекеттік университетінің зерттеушілері мен студенттері ат салысуда.

Шығыс Қазақстан облысы саналғанымен бұрынғы Семей өлкесі тарихи географиялық тұрғыда бөлек қалыптасқан және тарихнамасы да ақтаңдақтау болып келеді деп айтсақ артық емес. Ал бұл ғылыми есебімізде Шығыс Қазақстан облысының зерттелу тарихнамасына тоқталудағы басты себебіміз біздің зерттеулеріміздің бізге дейінгі зерттеулермен сабақтастық мәселесін қарастыруда қажет деп есептейміз.

Біз айтып отырған Шығыс Қазақстанның Абай, Аягөз, Жарма, жаңа Семей аудандары территориясында әсіресе ерте темір дәуірінің ескерткіштерін зерттеу, соның ішінде сақ патша обаларын зерттеу біздің қазбалармен басталды десек артық айтпаған болар едік.

Бірақ кіші көлемдегі ерте темір дәуірінің обалары мен мұртты обаларын зерттеуді тәуелсіздік жылдарынан кейін Ә.Оразбаевтің, З. Самашевтің, Ә.Төлеубаевтің, Ғ.Омаровтың, А. Бейсеновтың және Ұ.Үмітқалиевтің зерттеулерімен толықты.

Шыңғыстау өлкесіндегі мұртты обаларды зерттеу жұмыстарын 2012 жылдан бастап А. Бейсенов пен Ұ.Үмітқалиев кешенді түрде жүргізіп келеді.

Соңғы жылдардағы барлау жұмыстарымыздың нәтижесінде Шығыс Қазақстан облысы, Абай ауданының Тоқтамыс, Медеу, Мұқыр, Сарыжал және Құндызды селолық округтері территориясынан 50 ге жуық ерте темір дәуірінің обалар қорымы тізіиге алынып жобаға түсірілді. Осы қорымдардан 33 мұртты оба бар екендігі анықталды. Бұл деректер соңғы емес, әлі де толыға түсетіні анық. Айта кетерлігі, мұртты обалар кездесетін қорымдарда аталмыш ескерткіштер көбінекей бір немесе екіден кей жағдайда бір қорымда алтыға дейін мұртты оба кездесетіні анықталып отыр.

Шыңғыстау өлкесінде жасалған барлау жұмыстары барысында келесі бір ескерткіштердің ерекшелігі Балашақпақ қорымында үш метрлік биіктіктегі сақ патша обасында мұртша салынған. Бұл да бағытты зерттеуді қажет ететін тақырып десек болады.

Ал Шыңғыстау өлкесіндегі ірі обалардың алғашқысы Абай ауданында, Олжай ауылының әкімшілік территориясына қарасты Қаракемер ескерткішінде зерттелген болатын.

Бұл өлкеде сақ дәуірі ескерткіштері соның ішінде ірі патша обаларының кешендері жеткілікті, ал оларды зерттеу біздің зерттеулеріміздің негізгі бағыты болады.

1.2 Ерте темір дәуірі обаларының семантикасы

Адамзат баласының жер бетінде мекендеген кезеңдерінен бастап тіршілік тұрмысының негізі баспана болса, ал олардың о дүниелік баспаналары яғни жерлеу орындары бір-бірінен ажырамай қатар дамып отырды. Ертедегі адамдар өз тіршілігін сақтауда табиғаттың жауын-шашыны мен жыртқыш аңдардан қорғану мақсатында практикалық маңызы басты орында тұрған баспаналарды мекендеген. Бірақ кейін келе қоғам дамуының әр түрлі белестеріне байланысты архитектуралық белгілер пайда болды. Әсіресе біздің мақаламызға арқау болып отырған соңғы қола және ерте темір дәуірлерінде пайда болған қоғам дамуының айнасы іспетті ірі тас кесенелер мен ғұрыптық орындар, кейін келе олардың орнын басқан сақ патша обаларын айтуымызға болады. Ірі обалардың сақ қоғамында шынымен «көсем шонжарларға» салынғандығын анықтауда ішкі құндылығына ғана қарап жорамал жасау аздық етеді. Олардың ірі көсемдерге арналуында өзіндік құрылысы мен архитектурасы бар екенін ескере отырып жай үйінді топырақ ретінде қарамау керек. Осы жерлеу ескерткіштері арқылы сақ тайпаларының көне архитектурасымен бірге өткен өміріне, тұрмыс-салтына, наным-танымына, өндіргіш күштеріне құрылыс материалдарына көз жүгіртіп бабалар мұрасын танып білеміз.

Соңғы қола дәуіріндегі Қазақстандық тайпалардың мол металл қорларына иелік етуі, соның нәтижесінде металл саудасының өркендеуі Оңтүстік Сібір және Азия жерлерімен байланысты күшейтіп, шаруашылық экономикалық жағынан дамуына қарқын берді. Дамыған тайпалар арасындағы мал үшін, жер үшін болған соғыстар ерте темір дәуірінде көшпелі жауынгерлік өмір тұрмысына бейімделген қуатты тайпа бірлестіктер одағына алып келді.

Қазақстан жеріндегі дүрбелеңге толы б.д.д. І мыңжылдықтың басы әртүрлі тайпалардың бірігуі, араласуы нәтижесінде тайпалық одақ құрылымының негізі қаланды.

Сақ заманының бас кезіне тән «көсемдік» идеясы, яғни, тірі басшыларды дәріптеу рәсімі олардың «жанын жөнелту» үшін көк пен жерді дәнекерлеуші ерекше құрылымдар тұрғызу қажеттігі туындады. Осы ескерткіштердің шығу тегі жайлы және олардың шығыс идеясын аңғартатын жер асты дәлізі (дромос) немесе «мұртты» обалардың қола дәуірі құрылымдарымен байланыстылығын атап өтуге болады. Жекелеп алғанда Орталық Қазақстанның кейінгі қола дәуірінің беғазы-дәндібай мәдениетінің шығысқа бағытталған ұзын дәлізді элиталық ескерткіштерімен (мавзолейлерімен) байланыстылығы туралы пікір айтылған. [11, 10]

Қазақстан жеріндегі қола дәуірі мәдениеттерінің орнын басқан ерте темір дәуірінің ескерткіштеріндегі өзара сабақтастық күн шығыс идеясымен қатар жерлеу орындарының басқа да құрылымдық кешендерінен жалғасын табады. Соңғы қола дәуірінің әсіресе Беғазы-Дәндібай мәдениетінің тас мазарларының күрделі құрылыстары көне қоғамның әлеуметтік және экономикалық жағдайының өсуін көрсетті. Ал ерте темір дәуірінде соңғы қола дәуіріндегі (Беғазы-Дәндібай кешендері) тас құрылысты мазарлардың идеясын сақтаған, әрі көлемін ұлғайтқан топырақ жабындылы обалар қалыптасты.

Сақ қоғамындағы шаруашылық, мәдени, дүниетанымдық және әлеуметтік көріністерден хабар беретін ірі ақсүйек обалары бүгінгі күні терең талдау мен зерттеуді қажет етеді. Әсіресе ірі обалардың орналасу жағдайы, құрылыс материалдары, көне құрылыстың салыну жолдары, көлемі мен архитектурасына байланысты шешімдер болып отыр.

Көне сақ қоғамында ірі обалардың белгілі бір жерде орналасуына аса мән берген. Обалардың орналасқан жері биік әрі көрнекі болуымен бірге, су көздері немесе үлкен өзеннің жақын болуы, оның жиегіндегі шымдауыт жерлердің болуы мен қатар құрылысқа қолданатын тас пен ағаштың да қашық емес жерде болуын басты орынға қойған. Жерлеу рәсімі өтетін кеңістікті таңдауда және көне құрылысты салуда көпті көрген бірнеше абыздар басқарғаны анық. Сақ дәуіріндегі тайпа көсемдері күзде немесе қыс айларында, кейде ерте көктемде қайтыс болатын болса қабір қазу үшін жердің тоң болуы, халықтың басын қосу қиын болғандықтан және өлікті жөнелтуге дайындалу үшін жазға салым жерлеуге мәйітті сақтау шараларын жасаған. Оған дәлел ретінде тағы да қазақ халқының өмір тәжірбиесіндегі «сөреге жерлеу», «аманатқа жерлеу» сияқты дәстүрлерді айтуға болады. Сондай-ақ Шығыс Қазақстан облысы жерінде кездесетін «Былғары табыты» аталатын жер аты сөзімізді шегелей түссе қазақтың батырлары мен хандарын Түркістанға апарып жерлеу кезінде де ішкі құрылыстарын алып тастап былғарыға орағаны шындық.

Сөреге немесе аманатқа уақытша жерленген (қар астына, құмның астына, тастың астына жерлеу) сақ қоғамындағы белді тұлғалардың сүйегін нақты өзінің о дүниелік үйі (мықтың үйі) обаға жерлеу үшін барша халыққа хабар таратып «сауын айтқан». Сойыс малдарын әзірлеп шығарып салу салтына алдын-ала дайындық жүргізілген. Сақ обаларындағы алтын әшекей бұйымдардың аса күрделі аң стильіндегі зергерлік өнері мен сынамаларына қарап отырып бірнеше күнде ғана дайындалмағанын көреміз. Ол үшін арнайы зергерлерге өздерінің тайпалық ерекшелігін көрсететін аңдық стильде әшекейлер жасауға тапсырыс беріп дайындатқызған деп топшылауға да болады. Кейде қазақ халқында кездесетін жасы жеткен үлкен апа, әжелердің өздеріне ақыреттік маталарын дайындап қойуына қарап, сақ көсемдері де алтынмен апталған салттық киімдерін алдын-ала арнайы жасатып сандыққа салып қойған ба деп те жорамалдауға болады.

Жерлену шарасын басқаратын абыздардың белгілеуімен үлкен өзен жағасында межелі уақытта жиналған халық өздерімен бірге жағдайына қарай ірілі-ұсақты малдарын ала келген. Дәрежесіне қарай сол уақытта тайпа көсемдері неғұрлым жылқы әкелгенін Берел қазбаларынан көруге болады. З.С. Самашев зерттеулеріндегі Берел обасындағы мәңгілік тоңда сақталған 13 жирен аттың ішек-қарынында сақталған шөпке қарап әр аймақта жайылған жылқылар екенін полеоботаниктер дәлелдеп отыр [12, 123-133].

Жерленушіге салынған үлкен обаның және ғұрыптық кешендердің салынуы үшін көрнекі үлкен кеңістікте орналасуына аса мән берген. Обалардың әсіресе сақ дәуіріндегі тәртібі бойынша оңтүстіктен-солтүстікке тізбектелуін қатаң сақтап обалардың шығыс жақ алдын және батыс жақ артын ашық қалдырып отырған. Обалардың өзен жағаларында орналасуындағы басты міндет ауыр жұмысты қажет ететін құрылысты салу кезінде суды пайдалану мен бірге мініс аттарды суғаруға және ауыз суға қолданған.

Біздің ат салысуымызбен 2003 жылдан бастап Ә.Т. Төлеубаевтың жетекшілігімен Шығыс Қазақстан өңірінде он жылдан астам зерттеу жұмыстары жүргізілді. Осы зерттеулер барысында әсіресе сақ дәуірінің ірі обаларының архитектурасына қатысты тұжырымдарды Шілікті кешенді ескерткіштері көрсетті. Бұл зерттеулер Қазақстан жеріндегі ірі обаларға қатысты архитектуралық шешімдер жасаудың бастамасы десе болады. Сақ дәуірінің Шілікті ескерткіштері ірі көлемдегі биіктігі үш метрден жоғары диаметрі отыз метрден асатын 52 обаның бір жерде топтасқан кешенді түрі. Осы ірі обалармен қатар әлеуметтік дәрежесі төмен топтың жерленген ескерткіштері, ғұрыптық орындар шоғырланған. Яғни бұдан көретініміз Шілікті жазығында бірнеше ғасырлар бойы осы өңірлерді мекендеген тайпа көсемдерінің жерлеу орындары мен оларға сиыну, тағзым ету шаралары өткізілгенін көреміз.

Шілікті жазығында жүргізілген біздің зерттеулеріміз бойынша ірілі-ұсақты үш жүзге тарта оба тізімге алынды. Алайда олар бірнеше топты құрап жеке-жеке бөлшектеніп орналасқан. Атап айтар болсақ Шілікті І, ІІ, ІІІ, Шағаноба, Қособа, Төртоба, Тасбастау сияқты ірі обалар топтарынан тұрады. Зерттеулерімізде тағы бір анықталғаны әрбір топты құрайтын обалардың құрылысы мен архитектурасында уақыт ағымына қатысты өзгешеліктер болған. Олай дейтініміз ерте темір дәуірінің алғашқы кезеңдеріне жататын обалар анағұрлым күрделі архитектуралық құрылымдарды құраса кейінгі кезеңдерде қарапайым обалар салынған. Қазба жұмыстары негізінен Шілікті І және Шілікті ІІІ обалар топтарында үш ірі көлемдегі және жиырмадан астам кіші обаларға жүргізілді [13, 326-334].

Аса қызықты жаңалықтар берген, архитектуралық құрылысы жағынан ерекшеленетін ерте темір дәуірінің Шілікті ІІІ қорымындағы №1 оба. (Бәйгетөбе). Оның биіктігі 7,9 м, қорғанның етегіндегі үйіндіні сыртқа жайылып кетпесін деп бекіткен тұғыр тастарының диаметрі 55-56 м болған. Бұл шеңбер түріндегі тұғыр тастар өлілер мен тірілер дүниесінің арасындағы шекара іспеттес. Оба үйіндісінің ең сыртқы қабатын жапқан көкшіл түсті ұсақ малта тастар оба салынған уақытта алыстан көгілдір тартып, мұнартып мұндалап тұрған. [14, 277-284]. Уақыт өте келе ол тастар табиғаттың жаңбыр, қар және желінен, сондай-ақ адам аяғы мен мал тұяғы әсерінен сырғи-сырғи етегіне жиналған. Оны оба қиындысынан анық байқауға болады.

№1 оба (Бәйгетөбе) мен біздің басқа да қазба жүргізген ірі обалардың сыртын белдеулей ор қазылған. Ордың шығыс бөлігіндегі 3-4 м жер қазылмай кешенге кіретін есік ретінде қалдырылған. Бұл жағдай дәл Бәйгетөбе қорғанында нақты көрінбегенімен, Шілікті І қорымындағы № 36 обада және Шағаноба қорымындағы обаларда сыртқы құрылысында анық байқалады. Обалар сыртында ор қазылуы бір жағынан ескерткішті үлкейту яғни жерленуші көсемнің қоғамдағы әлеуметтік орнын көрсетсе, екінші жағынан құрылысты салушылар өздеріне жеңілдік жағын қарастырып оба үйіндісіне ордан шыққан топырақты пайдаланған.

Шілікті жазығындағы обалар негізінен үш құрылыс қабатынан тұрады. Ең жоғарғы қабаты ұсақ малта тас, топырақ, шым және құм араласқан қиыршық тастан тұрады. Сақ қоғамында көне құрылысты салуда шымның қолайлы болғандығын өз зерттеулерімізде көз жеткізуге тырыстық. Шым кесектерінің сол дәуірлерде өткір затпен қиылып ұзыншақ сопақ күйге келтірілген және оны тасымалдау салт атты адамның алдына немесе артына бірінің үстіне бірі қойылып өңгерілген болуы мүмкін. Бұл әдіс бойынша шым кесектерін тасымалдау әрі жылдам әрі тез болғанын және ешқандай ыдысты қажет етпейтіндігін көреміз. Қазақ халқындағы көне ас беру салтында көп халыққа табақпен ет тарту осы атпен тасымалданған. Яғни бұл дәстүр жалғастығы үзілмеген көшпенділердің негізгі тасымалдау көлігі атпен атқарылғандығын байқатады.

Екінші қабаты үйілген тас. Тас үйіндісі негізінен адам жерленген ағаш қабірхананың үстін жабу үшін салынған. Тас оба таудың жақпар тасы және өзеннің малта тастарынан үйілген. Биіктігі – 4,9 метр, диаметрі – 18 метр. Тас обаның шығыс жағында коридордың қабірханаға кірер аузында оңтүстік шығысынан көне жерге қағылған тігінен қойылған жалғыз ғана сырық ағаш аршылды. Ол тас оба төбесінен биіктігі 1 м мөлшерінде шығып тұрды. Бұл жағдайды да қазақтардың қаралы үйдің босағасына найзаның басына ту шаншып, қайтыс болған адамның жасына қарай ақ, қызыл, қара түсті ту іліп қойуымен байланыстыруға болады.

Қабірхананың солтүстік қабырғасын бойлай екі бөлінген ұзындығы 2,8 метр төрт қырлы болып келген сұр сынтас шықты. Бұл сынтас алғашында оба тұрғызылғанда ең төбесіне орнатылған, кейін тоналған кезде сынып ішке түскен болуы мүмкін. Осы қорымдағы обалардың төбесіне ерекше сұр гранитке ұқсас сұр сынтастардың қойылғандығын № 2 обадан дәл осындай тастың табылуынан да байқауға болады. Қазақтар қайтыс болған тумаластарының зиратының басына белгі тас қойса, ал қарғағанда: «Кеудеңді қара тас бассын» – деуінің сыры сонау ықылым замандардағы жерлеу салтынан, олардың зират құрылыстарының ерекшеліктерінен жаңғырығы жетсе керек. Ғимараттың шығыс жақ беті қиық пирамидаға ұқсатып салынған. Сақтардағы шығысқа, күнге мінәжат ету ғұрпы бойынша ғимараттың шығыс жақ бетіне осындай салтанатты пішін берген. Көсем қайтыс болған соң қабірхана ішіне шығыс жағынан келетін ұзындығы 15,65 м, ені 2,5-3 м, тереңдігі 0,9-1 м үлкен жер асты коридоры (дромос) арқылы жеткізген. Бұл жағдай да талай халықтарға баспана болған жылжымалы киіз үй, кепе, жеркепеге, жертөлеге кірер жолды ұқсатады.

Осы тас қорғанның астында жуан қызыл қарағайлардан қималанып салынған қабірхана бар. Ағаш қабірхананың төрт бұрышы төрт жаққа ыдырап кетпеу үшін ірі тастармен тіреліп бекітілген. Тастардың орнықты тұруы үшін араларына шым кесектерін де қалап отырған. Шілікті обаларында кездесетін жерлеу қабірханаларындағы ұзын он екі метрлік қарағайлардың жуан басы арнайы тесілген және сол жерлері арқан немесе қайыс тәрізді затпен байланып сүйретілген. Өйткені барлық ағаштардың сүйретілген астында жерге сызылған іздері мен бірге ұсақ тастардың қадалып жабысқанын көреміз. Соған қарағанда оба құрылыстарына қарағай ағаштарды 40 шақырым жердегі Қарағайлыдан сүйретіп әкелген.

Обаның қазбадан тыс қалған қабырғаларынан көлденеңінен түскен топырақ құрылыс қабаты анықталды. Обаны тұрғызу кезінде бос құрғақ топырақ қабаттарына су сеуіп байланыстыруы мүмкін. Соған қарағанда оба үйіндісінің берік болуын басты орынға қойған. Әдетте қазақтар да үйлерінің төбесін топырақпен жауып, оның сыртын сылап тастайды.

Шілікті жазығындағы басқа ірі обаларға жүргізілген қазба жұмыстары барысында Шілікті І қорымындағы №36 оба мен Шілікті ІІІ қорымындағы №4 обалардың архитектуралық құрылымы анағұрлым қарапайым деуге болады. Бұл обаларда басты құрылыс материалы ретінде шымды қолданған. Бұл обалардың негізі 60 пайыздан астамы шым кесектерінен тұрады. Қабір құрылыстары да қарапайым жерді қазып жерленген. Қабір шұңқырынан шығатын жер асты коридоры да аса ұзын емес. Алайда обаларда архитектуралық жағынан күрделі құрылымдар көрінбегенімен, көлемі жағынан үлкен құрылыс тұрғызуға басты назар аударған. Шілікті І қорымындағы № 36 обаның сыртқы ор шеңберімен қосып есептегенде жалпы диаметрі 175 метр жерді алып жатыр, ал биіктігі 4 метр. Оба құрылыстарындағы архитектуралық құрылымдардың қарапайымдылығы мен күрделілігі жөніндегі пікірлерімізді ішкі құндылықтар да дәлелдей түсуде. Үлкен обалар тақырыбы – аталып отырған аспектілерді мықтап тұрып талдауға жетектейтін, айрықша жеке қарастыруды қажет ететін күрделі мәселе.

Қазақстан далаларында орналасқан сақ көсемдері обаларының теңдессіз архитектуралық құрылысы мен құрылымына қарай отырып сол уақыттағы сақтардың қандай тұрғын үйлерде тұрған деген сұрақ туары заңды нәрсе. Қазақстан жерінде қоныстар көпке дейін белгісіз болып келді және оның зерттелмеуінің себебі де бар. Қоныстардың зерттелмеуі ерте темір дәуіріндегі далалы аймақтардың көшпелі өмір тұрмысына негізделген және біржақты оба қазбаларын жүргізілуге байланысты болды. Қазақстанда қоныс зерттеу жаңа қалыптасып келе жатқан бағыт.

Бүгінде Орталық Қазақстан өңірінде сақ дәуіріне жатқызылған 30-дан астам қоныс орны табылды. Бұған тұрақты және барлығына ортақ белгілермен сипатталатын ескерткіштердің сыртқы ерекшеліктері (топография, планография, құрылыс техникасы), қазбалардан алынған стратиграфия мәліметтері, үй-жай ерекшеліктері заттық материал негіз болады [15, 405-411].

Осы зерттеулерді негізге ала отырып Шығыс Қазақстан жерінде де Шілікті өңірінен сақ дәуірінің қоныстары іздестірілді. Барлау жұмыстары барысында бірнеше қоныс орындары табылып Қарашоқы І қонысына 2011-2012 жылдарда қазба жұмыстары жүргізілді. Топографиялық тұрғыдан ерте темір дәуірі қоныстарының барлығы тау беткейлерінде орналасқан. Көп жағдайда үйдің артқы жағы төбе басына, алдыңғы беті шығыс жаққа бағытталған. Шығыс Қазақстанда үнемі болатын батыс желдерінен сақтануға және қар жұқа түсетін алаңқайларды іздеуге тырысқан. Үй, қора жайлары тастан салынған тұрақтардың жалпы көлемі кішірек. Бұлардың көпшілігі қора-қопсылы, бар-жоғы 2-4 бөлмелі кішігірім дөңгелек, сопақша үйлерден тұратын қоныстар болып келеді. Орналасуына қарай, ескетркіштер 19-20 ғғ. Басындағы қазақ қыстауларының дәстүрлі орындарында яғни астында орналасқан. Қазба барысында байқалған қалың қара күйенің қабатына қарағанда қоныста уақытында үлкен өрт болған. Яғни бұл дегеніміз қоныс құрылысында үйдің төбесін жабу үшін оба құрылысындағыдай ағашты қолданған. Ағаштың үстіне шөп төсеп жауып оның сыртынан күлмен немесе топырақпен жапқан. Қазба жүргізілген Қарашоқы І қонысының сыртқы тас шеңбер құрылысы мен формасы жерлеу орындарына өте ұқсас. Соған қарағанда оба құрылыстарының архитектурасындағы кейбір ерекшеліктер мен өзгешеліктерді сабақтастыра зерттеу сақ қоғамын көзге елестетуде үлкен мәнге ие.

Қазақстан жерінде қола дәуірінің соңында жаппай көшпенді өмірге бейімделген тайпа бірлестіктері мен сақ дәуірінің қоғамдық сипаты белгісіз әрі ақтаңдақ күйде қалып келді. Барлық мәдениеті мен дүниетанымы және болмысы көшпенді тіршілікпен бірге «сайда саны, құмда ізі» қалмағандай көрінеді. Алайда көп жылдардың нәтижесінде отандық ғалымдардың және біздің тұжырымдарымыз оны шоққа шығара алады. Олай дейтініміз Қазақстан жеріндегі археологиялық ескерткіштер әсіресе сақ дәуірінің ірі обалары мен ғұрыптық кешендері жер қойнауына бар сырды бүгіп жатқаны анық. Сақ дәуірінің ірі кешенді обаларын зерттеуде олардың көлеміне, сыртқы белгілеріне яғни сыртқы оры немесе екі қатар тас шеңбері бар ескерткіштердің ерекшелігі және қабір құрылыстарына қарай ерте немесе соңғы сақ дәуірлеріне жататынын және таралу ауқымы анықтау үлкен зерттеулерді қажет ететін жауапты іс. Ал оларды тек археологиялық қазба мәліметтерімен шешу аздық етеді. Сол себепті оба кешендерін терең талдауда қазақ халқының бай этнографиялық мұрасын қолдану қажет. Бұл бағытта зерттеу жүргізу біздің басты назарда ұстанған бағытымыз десе болады.

Жұмыс барысының иллюстрациялары

Институт туралы

Қазақстан республикасының мәдениет және
спорт Министрлігінің Қазақ мәдени ғылыми зерттеу институты

ЖШС «Қазақ мәдени - ғылыми зерттеу институты» - Қазақстан Республикасының ғылыми зерттеу жобалық ұйымы Қазақстан Республикасының мәдени кеңістігінің барлық деңгейіндегі жүйелік анализ жасап, мемлекеттік мәдени - саясатын құрастыру, мәдени- ақпарат облысында мемлекеттің ғылыми әдістемелік қызметін қамтамасыз ету , Қазақстанның тарихи және мәдени мұратының кешенді зерттеу және сақтау

Қазақ мәдени- ғылыми зерттеу институтының миссиясына мәдени - ғылыми зерттеу саласында кешенді әрі терең анализ жасау, Қазақстан Республикасының мәдени саясатының концепциясын жүзеге асыру, мәдени тарихи мұрағаттардың зерттеліп сақталуы және жаһандық мәдени кеңісітікте интеграциялануы мен қатар нәтижелі халықаралық ынтымақтастықты байланыстарды орнату болып табылады.

Ресми сайт: www.cultural.kz

Ұйым туралы

Умиткалиев Улан Умиткалиевич

Жоба басшысы

Умиткалиев Улжан Умиткалиевич - тарих ғылымының кандидаты, Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық Университетінің археология және этнология кафедрасының меңгерушісі , доцент.

Жобаға қатысушылар: Г.Т. Каженова, Г.К. Кожахметова, Н.Е. Сайлаубай, К.А. Искаков, М.У. Ногаева, А.Д. Жуандыкова, Ж.К. Айтенов