Қорытынды

Қорыта айтқанда Шығыс Қазақстан облысы, Аягөз ауданы, Ақшатау елді мекенінде орналасқан Қырықоба кешенді ескерткіші өзіндік мәнге ие ерте сақ дәуірінің ірі пантеоны болған ескерткіш. Көне құрылыстың орналасу жағдай мен алып жатқан аумағы және көлемі мен биіктігі жағынан Шілікті, Елекесазы сияқты ерте сақ дәуірі ескерткіштерімен қатар уақытта салынған кешен деп толық айта аламыз.

Оған басты себеп Қырықоба ескерткішінде жалпы жиыны ерте темір дәуіріне тән 10 ірі оба орналасқан. Ең ірісінің көлемі 8 метр, айналасындағы орын қосып есептегенде 90 метрді құрайды. Қалған обалардың да көлемі ірі обалар санатына жатады. Сонымен қатар ірі обалар айналасына 18-20 көлемінде жекелеген ғұрыптық ескерткіштер топтасырылған. Мұның өзі бұл ескерткіштердің көне қоғамда үлкен қызмет атқарған кешенді ескерткіш екендігін көрсетеді.

Бұл ескерткіштің тағы бір ерекшелігі оба айналасындағы өзіндік ғұрыптық ескерткіштермен қатар обаның батыс жағына қарай 500 метр жерде сегіз тасты ғұрыптық қоршау орналасқан. Ерте темір дәуірінің ескерткіштерінде жеке ғұрыптық құрылыстардың мұншалықты көп болуымен бірге жеке сегіз тасты құрылыстың болуы Қырықоба ескерткішін ерекшелеп тұр.

2018 жылғы қазба маусымында зерттеу жұмысы жүргізілген бір ірі патша обасының және орташа көлемдегі обаның құрылысы мен архитектуралық құрылымы Шығыс Қазақстанның Шілікті ескерткішіне де, Орталық Қазақстанның Талды ІІ ескерткішіне де ұқсайтындығы байқалды. Сонымен қатар көне құрылыста Жетісу жерінің сақ патша обаларына ұқсастықтарды байқауға болады. Әсіресе ерте сақ мәдениетіне тән оба құрылыс астында жер беті жерлеуінің болуы және шығысқа бағытталған беті ағашпен жабылған, іші таспен толтырылған жер асты дромосының болуы. Сонымен қатар оба құрылысының айналасындағы ғұрыптық құрылыстардың көптеп кездесуі Жетісудың сақ патша обаларына ұқсас үлгілер бар екендігін көрсетеді.

Оба құрылыстарын салуда және жерлеу кешенін салуда сол қоғамдағы абыздар басты орында айналасында өзеннің болуы мен тастың көбірек болуын ойластырған. Сонымен қатар көне құрылысты салуда өнімді еңбек күшін көрсету үшін және жерленушінің әлеуметтік дәрежесін асқақтату мақсатында оба айналасында ор қаза отырып өз топырағын өзіне көмкеріп жапқан.

Қырықоба қорымындағы ең ірі обаның айналасынан қазылған ордың қазіргі уақытта сақталған тереңдігінің өзі 1,50 см құрайды. Бұл дегеніміз көне құрылыс салынған кезде ордың тереңдігі әлдеқайда терең болғаны анық. Біздің мөлшеріміз бойынша сол кездегі ордың тереңдігі 2 метрден астам болған. Оба айналасына ор қазылудың мәні мен семантикасына байланысты ғылыми тұжырымдар осы ескерткішке қатысты жазылатын ғылыми мақалалардың өзегіне айналады.

Обалардың ірі құрылыстарының неше жылға созылып салынуы мен оған қанша күш жұмсалғаны жөнінде сұрақтар біздің алдағы жұмыстарымызды толықтыратын болады. Осы тақырыпқа қатысты Шілікті обаларын зерттеген Ә.Т. Төлеубаев пен Берел обаларын зерттеген З.Самашевтар үлкен обаларды бірнеше жыл бойы салуы мүмкін деген тұжырымдар жасап жүр. Ал біздің ойымызша белгілі бір әлеуметтік дәрежесі жоғары адамға салынған құрылысқа аса дайындықпен келе отырып, барлық халыққа хабар тарата отырып бір жазда салып тастаған болуы да мүмкін деп ойлаймыз. Өйткені әр жыл сайын құрылыс салу үшін халықтың жинала беруі мен құрылысқа кететін шығындарды есептегенде және оба архитектурасындағы топырақ қабаттары мен тас құрылыстарына қарап бір жазда бітіріп жауып кеткен деуге болады.

Қырықоба ескерткішіндегі зерттеу жұмыстарымыздың негізгі бағытының өзі осы шешімдерді анықтау болғандықтан негізгі оба ішіндегі табылымдарға емес осы бағытта жұмыс жасайтын боламыз.

Сонымен бірге оба архитектурасына байланысты қазіргі заманауи құрылғыларды қолдана отырып виртуальды 3D археология әдісі арқылы сканер жасау және ескерткіштің алғашқы қалпына келтіру жұмыстарын бастау.

Ал қорымда ірі он обадан бөлек көптеген жер астында қалған кіші көлемдегі кейінгі дәуірлердің, яғни түркі дәуірінің ескерткіштері үздіксіз пантеон қызметін атқарғанын көрсетеді деп ойлаймыз.

Түркі дәуіріне тән балбал тастың кескінделуі мен ондағы адамның бейнесі және ғұрыптық ескерткіштің шығысына қарай жасалған тас тізбекке қарағанда бұл да сол уақытта әлеуметтік дәрежесі жоғары адам болғанын меңзейді.

Оба айналасындағы ғұрыптық ескерткіштерден табылған жылқы сүйектерінің қалдықтары сол қоғамда жылқы культінің басты орында болғанын көрсетеді. Бұл жылқы сүйектері мен күл қалдықтары радиоуглеродты сынама алу үшін Англияның Шеффельд қаласына арнайы зертханаға жіберіліп отыр.

Сонымен қатар орташа көлемдегі обадан табылған әйел адамның бас сүйегіне жасалған трепанация да жерленушінің қоғамдағы үлкен орынға ие тұлға екенін дәлелдей түседі. Яғни қайтыс болған әйел адамның мәйіті ұзақ белгілі уақытқа дейін сақталып, жазғы уақытта жерлеу шарасы өтуізілген деген тұжырым жасауға негіз болып отыр. Бұл жөнінде арнайы бірнеше мақала жазылып бұқаралық ақпарат құралдарында жариялануда. Осы Қырықоба ескерткішінің зерттеулері мен оның тың ашылымдары бойынша Англияның бірнеше қаласында ғылыми зерттеу институттарында бірлесе зерттеу жұмыстарын жүргізуге және ғылыми ынтымақтастық орнату көзделіп отыр.

Оба құрылыстары мен оның айналасынан және қабір шұңқырынан қазба кезінде табылған шығарып салу заттары да бұл ескерткіштің қоғамдағы үлкен тұлға болғандығын растайды.

Қабір шұңқыры тоналып кеткенмен одан табылған алтыннан жасалған әшекей заттардың қалдығы және олардың жасалу технологиясы мен пробасы көне қоғамдағы өте бай беделді адамға жасалғанын көрсетіп отыр. Алтын заттармен қатар әйел адам қабірінен ұлудан жасалған аң стильіндегі әшекей бұйым да талғамы жоғары өнердің болғандығын растайды. Оның артына жасалған киімге тігетін тесігінің орны өте нәзік жіптің болғанын көрсетеді. Жасалу технологиясы мен шығарып салу заттарына қарап Қырықоба кешенді ескерткішінің мөлшермен тарихи мерзімі біздің заманымызға дейінгі 8-7 ғасырлармен мерзімдеуге болады.

Обадан табылған шығарып салу заттарына байланысты бұған дейін де ғылыми әдебиеттерде айтып жүргеніміздей, обаға жерленушінің шығарып салу киімдері (ақіреттік кебіні) алдын ала жасалған деп ойлаймыз. Өйткені жерлеу рәсіміне дайындалу кезінде адам мәйітін ұзақ уақытқа сақтаумен бірге алтыннан арнайы тапсырыс бере отырып арнай белгілі бір аңның тотемдік белгісінде зергерлерге жасатқан. Олай деуге себеп қазбадан табылған заттардың жасалу технологиясы мен құрамына қарап бір-екі айда жасала салатын дүние емес екенін көруге болады. Сонымен қатар арнайы тапсырысты зергерлерге беру кезінде өзінің алтыны мен бірге зергерлердің еңбегі, яғни қол ақысына үйір-үйір жылқы айдатуы мүмкін. Бұл пікірімізге қазақ халқындағы ат басындай алтын беріп жасатқан немесе тай тұяқ алтын беріп жасатқан деген мысалдарды келтіруге болады.

Кіші көлемдегі тоналып кеткен обалардың өзінен табылған екі қырлы жебе ұшы мен сүйектен жасалған тұйық жебе ұшы да ерте сақ кезеңі деп мерзімдеуге негіз болып отыр.

Сонымен қатар келесі бір кіші көлемдегі обадан табылған қола айна мен тас қайрақтың табылуы дәуір сабақтастығын көрсетеді. Яғни бұл шығарып салу заттары біздің дәуірімізге дейінгі 5 ғасырмен мерзімделетінін айта кеткен жөн. Қазба кезінде табылған бұл заттық айғақтардың ұқсас үлгілері мен сипаттамасын жасау арқылы алдағы уақытта сақ қоғамының әлеуметтік жіктеліс негіздерін ашатын боламыз. Ел тарихын түгендеуде Қырықоба ескерткіші үлкен ашылуларды күтіп тұрған кешенді ескерткіш екені даусыз. Оны заманауи жаңа зерттеу әдістерімен зерттеу және қоғамға кеңінен таныту мен насихаттау басты бағытымыз деп ойлаймыз.

Жұмыс барысының иллюстрациялары

Институт туралы

Қазақстан республикасының мәдениет және
спорт Министрлігінің Қазақ мәдени ғылыми зерттеу институты

ЖШС «Қазақ мәдени - ғылыми зерттеу институты» - Қазақстан Республикасының ғылыми зерттеу жобалық ұйымы Қазақстан Республикасының мәдени кеңістігінің барлық деңгейіндегі жүйелік анализ жасап, мемлекеттік мәдени - саясатын құрастыру, мәдени- ақпарат облысында мемлекеттің ғылыми әдістемелік қызметін қамтамасыз ету , Қазақстанның тарихи және мәдени мұратының кешенді зерттеу және сақтау

Қазақ мәдени- ғылыми зерттеу институтының миссиясына мәдени - ғылыми зерттеу саласында кешенді әрі терең анализ жасау, Қазақстан Республикасының мәдени саясатының концепциясын жүзеге асыру, мәдени тарихи мұрағаттардың зерттеліп сақталуы және жаһандық мәдени кеңісітікте интеграциялануы мен қатар нәтижелі халықаралық ынтымақтастықты байланыстарды орнату болып табылады.

Ресми сайт: www.cultural.kz

Ұйым туралы

Умиткалиев Улан Умиткалиевич

Жоба басшысы

Умиткалиев Улжан Умиткалиевич - тарих ғылымының кандидаты, Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық Университетінің археология және этнология кафедрасының меңгерушісі , доцент.

Жобаға қатысушылар: Г.Т. Каженова, Г.К. Кожахметова, Н.Е. Сайлаубай, К.А. Искаков, М.У. Ногаева, А.Д. Жуандыкова, Ж.К. Айтенов