Библиография жинағы

Жобаның мақсаты – Шығыс Қазақстан жеріндегі Б.з.д. VIII – V ғғ. мерзімделетін элитарлы сақ қорғандары зерттеуге мол материал ұсынады. Зерттеуге жоспарланған қорымдар екі әртүрлі Алтай және Сарыарқа табиғи-климаттық зоналарының түйіскен жерінде орналасқан.

Бүгінгі күнге дейін Шығыс Қазақстанның қазіргі әкімшілік территориясына қарасты өлкелердің үлкен зерттеулерінің дені Алтай, Тарбағатай өлкелерінде және Ертіс маңы ескерткіштеріне жасалды. Шығыс Қазақстан жері үлкен әкімшілік аймақ саналғанымен оның өзіндік географиялық ерекшеліктерге ие сан түрлі ландшафта қалыптасқан аймақ. Ол мәселен Ертіс өзенінінің Алтай беті мен Тарбағатай беті немесе Тарбағатай тауының оңтүстігі Жетісу жерінің географиялық климатына жақын болып келеді. Ал біздің зерттеулерімізге арқау болғалы отырған Қырықоба ескерткіштері Шығыс Қазақстанның оңтүстік батыс шеткері аймағы, яғни солтүстік Балқаш, Саяқпен және қазақтың ұсақ шоқылығының басы Шыңғыстаудың оңтүстік сырты өзіндік климаттық ерекшелікке ие аймақ.

Олай деуге негіз болатын Шыңғыстау жотасы Алтай, Тарбағатай тау жүйесінен бөлек өзіндік сипатқа ие өлке. Себебі Шыңғыстау өлкесі ықылым замандардан бері көшпенді мал шаруашылығына қолайлы, қысы қар жатпайтын мал жайылыммен шығатын қолайлылығымен бірге, жазы қоңыр салқын болып келеді. Бұл нағыз көшпенді мал шаруашылығына негізделген көне сақ қоғамы үшін қолайлы өлке болғаны анық. Оңтүстігінен Балқаштан 300 шақырым, батысынан Қарқаралыдан 300 шақырым, солтүстігінен 200 шақырым Ертістен жұтаған мал Шыңғыстауды паналап тоқтайтыны да осының дәлелі.

Халық даналығында «Шыңғыстың құты да жел, жұты да жел» деген тәмсіл бар, бұл да тегін айтылмаса керек.

Кез келген қоғамда өз тіршілігіне қолайлы өнімді еңбек пен аз қимылды қажет еткен. Сол себепті Шыңғыстау жотасы да жылқы шаруашылығына негізделген сақ қоғамының элитарлы тобы мекендеген қасиетті мекен.

Оған дәлел осы Шыңғыстау өлкесіндегі біздің барлау жұмыстарымыз нәтижесінде табылған Қырықүңгір, Доғалаң, Қаспаққатын, Әлпейіз, Ожардың қарасуы, Ұзынбұлақ, Арқат, Бесқорым, Қырықоба сияқты сақ дәуірінің элитарлы обалары. Өз кезегінде мұндай қорымдарды зерттеу таулы және далалық зоналардың мәдениеттерінің байланысының маңызын көрсетеді. Сонмен қатар бұл аймақта ежелгі металл өңдеу мәдениеті жоғары дамығандығын атап көрсеткен жөн. Металл өңдеу мәдениеті мен мол металл қорларына иелік еткен сақ тайпаларының өз кезегінде жоғары дәрежедегі мәдениет қалыптасуы мен бірге ірі сауда экономикалық байланыстардың болғандығын және соның негізінде мемлекеттіліктің алғы шарттары қалыптасты дей аламыз.

Бұл дегеніміз ірі тайпалық бірлестіктерінің болуы мен бірге қоғамда әлеуметтік жіктелістің болуын және ірі ирархияның болғандығын көрсетеді.

Бұл сөзімізге дәлел бола алатын әр түрлі көлемдегі сақ патша обаларының топтаса орналасуы мен белгілі бір ансамбль құрай отырып тізбектелуі.

Әртүрлі көлемдегі сақ дәуірі ескерткіштерінің топтаса орналасуы мен оның ішкі құндылығына байланысты сан түрлі пікірлер мен зерттеулер жасалуда. Алайда олардың құрылысы мен жалпы кешеніне қарай отырып сақ қоғамының дүниетанымына терең бойлайтын талпыныстар жасалған жоқ.

Осы мақсатта Шығыс Қазақстанның Солтүстік Балқаш маңымен және Орталық Қазақстанның кең жазықты қыраттарымен ұштасатын өлкелердегі ірі обаларды зерттеу маңызды болып отыр.

Жобаның міндеттері: Шығыс Қазақстан облысы, Аягөз ауданындағы, Ақшатау селолық округіне қарасты Қырықоба қорымына барлау жұмыстары жүргізіліп, топографиялық жоспары жасалады. Қырықоба қорымы Ақшатау селосының оңтүстік-батысына қарай 45 шақырым жерде Шыңғыстау тауының сілеміне жататын Ақшатау жотасының батыс сыртында орналасқан. Қорым орналасқан жазықты қырат жалпы көлемі 30 шаршы шақырым аумақты алып жатқан төбелі белес. Қорым орналасқан Қырықоба жазығының көлемі батыстан шығысқа қарай 12 шақырым, солтүстіктен – оңтүстікке қарай 18 шақырым аумақты алып жатыр. Айналасын жұмыр тасты әр түрлі тау биіктері қоршаған, тек шығыс жақ беті ашықтау болып келген. Айналасын қоршаған таудың жұмыр тастары көне құрылысты салуда өте тиімді қызмет атқарған деп айтуға болады. Сонымен қатар жазықты қыраттың солтүстік шығысы мен солтүстік-батысына қарай көптеген бұлақтар мен қайың өскен өлкелі алқаптар алып жатыр. Осы бұлақтардың қосындысы мен қар суынан құралған Қалғұты өзені қорымның солтүстік-шығысынан бастап ағып тура шығысқа қарай 5-6 шақырымнан кейін қайта солтүстікке қарай ағады. Қалғұты өзенінінің атауы да көне түркі-монғол тілінде Қалғұты – Терісаққан деген мағына беретінін айта кеткен жөн. Яғни өзеннің өз ағысын белгілі бір ағыстан кейін өзгертуіне байланысты айтылатынын айта аламыз. Бұндай өзендер Қазақстанның көптеген өлкелерінде кездесетінін де айта кетсек артық етпес деп ойлаймыз. Мысалы: Шығыс Қазақстан облысы, Күршім аудынында Қалғұты өзені, Ақмола облысы, Жақсы ауданында Калутон өзені және т.т.

Қырықоба кешенді ескерткішінде 2018 жылдың қазба маусымында сақ кезеңінің 1 патша обасын (диаметрі – 90 метр, биіктігі – 10 метр), 2 кіші көлемдегі обаларды (диаметрі 20 метр, биіктігі – 1-1,5 метр) және 3 ғұрыптық-құрбандық шалу ескерткіштерін (сегіз тасты ғұрыптық тізбектер) зерттеу, мұрағаттық және далалық деректердің кең көлемін жалпылау негізінде ежелгі көшпелілердің дүниетанымын ашып көрсету. Сегіз тасты ғұрыптық қоршаулары мен сақ кезеңінің оба құрылысының айналасына қойылған менгирлері, сонымен қатар ғұрыптық кешендерге жататын мұртты обалар мен оба айналасына жасалған батысы мен шығыс ашық шеңберлердің зерттелу мәселесі біздің негізгі бағытымыз. Ежелгі өнерді және көркем мәдениетті толық сипаттауға мүмкіндік беретін аң стилінде және полихромдық стильде жасалған жаңа артефактілер алу, артефактілерді сақтау және қалпына келтіру, далалық археологиялық зерттеулер кезінде және аяқталған соң сақ тайпалары көсемдерінің обаларының алғашқы көрінісін теориялық қалпына келтіру, ағашты, сүйекті, мүйізді, металлды және т.б. ежелгі өңдеу технологиялары бойынша жаңа мәліметтерді ғылыми айналымға енгізу. Қазақстанның мәдениеті мен ғылымын насихаттау мақсатында алынған материалдарды ел ішінде және халықаралық көрмелер ұйымдастыруда пайдалану, Шығыс Қазақстанның өткен тарихына арналған қоғамдық-танымал және ғылыми мақалаларды дайындау және жариялау, нақты археологиялық материалды талдау әдісімен жерлеу ғұрпының, салттың, наным-сенімнің және қоныстардың, тұрақтардың және шаруашылық-мәдени типтің тарихи топографиясының өзгеруі айқындалады, археологиялық материалды камералдық өңдеу және ғылыми есепті дайындау, Ғылыми-зерттеу жұмыстары бойынша есепті өткізу толыққанды зерттеулеріміздің негізгі бағыттары десек болады. Далалық қазба жұмыстарымен бірге бүгінгі таңда қазбадан табылған органикалық заттар мен тас құралдар және қыш ыдыс сынықтарын қайта өңдеу, яғни камералды өңдеу жұмыстары жасалуда.

Қазба мәліметтері бойынша ғылыми тұжырымдар мен сараптамалар жасау арқылы осы зерттелген ескерткіштерге ұқсас аналогиялар іздестіріліп жатыр. Барлық сараптамалар мен тұжырымдамалар негізінде ғылыми мақалалар мен баяндамалар жасау алдағы міндет.

Жұмыс барысының иллюстрациялары

Институт туралы

Қазақстан республикасының мәдениет және
спорт Министрлігінің Қазақ мәдени ғылыми зерттеу институты

ЖШС «Қазақ мәдени - ғылыми зерттеу институты» - Қазақстан Республикасының ғылыми зерттеу жобалық ұйымы Қазақстан Республикасының мәдени кеңістігінің барлық деңгейіндегі жүйелік анализ жасап, мемлекеттік мәдени - саясатын құрастыру, мәдени- ақпарат облысында мемлекеттің ғылыми әдістемелік қызметін қамтамасыз ету , Қазақстанның тарихи және мәдени мұратының кешенді зерттеу және сақтау

Қазақ мәдени- ғылыми зерттеу институтының миссиясына мәдени - ғылыми зерттеу саласында кешенді әрі терең анализ жасау, Қазақстан Республикасының мәдени саясатының концепциясын жүзеге асыру, мәдени тарихи мұрағаттардың зерттеліп сақталуы және жаһандық мәдени кеңісітікте интеграциялануы мен қатар нәтижелі халықаралық ынтымақтастықты байланыстарды орнату болып табылады.

Ресми сайт: www.cultural.kz

Ұйым туралы

Умиткалиев Улан Умиткалиевич

Жоба басшысы

Умиткалиев Улжан Умиткалиевич - тарих ғылымының кандидаты, Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық Университетінің археология және этнология кафедрасының меңгерушісі , доцент.

Жобаға қатысушылар: Г.Т. Каженова, Г.К. Кожахметова, Н.Е. Сайлаубай, К.А. Искаков, М.У. Ногаева, А.Д. Жуандыкова, Ж.К. Айтенов